Бұл туралы аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Атабек Тұрсынбековпен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтауда биыл шілде айының бірінші онкүндігінде Өзбекстан кәсіпкерлерінің көрмесі өтеді. Көрші елдің іскер топ өкілдері көрмеге сәндік-қолданбалы өнер, жиһаз, құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін әкеледі деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ тараптар Маңғыстау облысы мен Қарақалпақстан Республикасы арасындағы мәдени-экономикалық ынтымақтастықты қалпына келтіру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қазақстан-Өзбекстан стратегиялық әріптестігін кеңейту мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 13,2 млн долларды құрады. 2024 жылдың қаңтар-наурызында бұл көрсеткіш 1,3 миллион АҚШ долларына жетті. Облыста экономиканың түрлі салаларында өзбек капиталының қатысуымен 140 кәсіпорын тіркелген.