Маңғыстауға «Түркітілдес журналистер қорының» президенті, белгілі журналист Нәзия Жоямерген келіп, өңірдің БАҚ өкілдері және баспасөз хатшыларымен кездесті. Кездесуде қор атынан журналистерге жасалып жатқан мүмкіндіктер мен шетелде тегін тәжірибеден өту жолы сөз болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Түркітілдес журналистер қорының» басты мақсаты – қазақ журналистерін дамыту және ол арқылы қоғамның дамуына үлес қосу. Осы бағытта қор жыл сайын жас журналистерді оқыту, шетелде тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріп, журналистер мен баспасөз хатшыларға семинар-тренинг ұйымдастырады.
«Түркітілдес журналистер қоры биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мерейтой аясында елде және шетелде түрлі шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Ең бастысы Түркітілдес журналистер қорының IV медиа форумы, «Медиа және туризм» форумы, сонымен қатар алғаш рет әйел журналистер медиа форумы өтеді. Мұның барлығы елдегі журналистердің кәсіби шеберлігін шыңдауға, әсіресе, жас журналистердің біліктілігін арттыруға арналған», - дейді Нәзия Жоямерген.
Нәзия Жоямерген жиында Түркия, Еуропа елдеріне тегін және жеңілдікпен қалай баруға болатынын айтты. Шара соңында журналистер мен баспасөз хатшылары пікір алмасып, ұсыныс, тілегін жеткізді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА