Ел үшін туатын ерлер бар. Олар қоғамның сан түрлі түйткілін шешіп, қордаланған істің күрмеуін ағытады, ел мәселесін маңдайдан терін төгіп, шынайы көңіл бөліп орындайды. Ердің сыншысы қашанда - елі. Өз топырағында өнген ұлдың атқа мініп, қызмет тізгінін ұстауынан бастап кісілік келбетін өзгертпей, ел басқарудағы ісін байыптап отыратын қырағы көзді халқы бар. Елім деп еміренген ердің аяқ алысын ел алыстан таниды. Ел киесінің кәрі шаңырағы, ұлттық дәстүрдің үзігін ұстаған Маңғыстау өңірі әрқашан елім деген ердің тіре- гі болды. Халық жүрегінде өмір сүру де бір бақыт. Сондай бақытқа ие тұлғалардың ішінде ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп жүрген Серікбай Тұрымов Өтелгенұлының орны ерекше. Ол – өзінің еңбек жолы басталғаннан туған жердің төсінде тер төгіп, ел ертеңі үшін күш-жігерін сарп еткен, өлке дамуына үлес қосуды парызым деп білген парасат иесі.
Тарихы тереңде жатқан Ақкетіктің арда ұлы Түпқараған топырағында дүниеге келді. Мектеп бітірген соң бозбала шағынан жұмыс істеген оның еңбек жолы құрылыс саласында тас қалап, сылақ сылаудан басталды. Әкенің шаруаға жастай төсеткені, ананың еңбекке ерте баулығаны оны үлкен өмірдің жауапты соқпағына шынықтырды.
Әскер қатарына алынып, азаматтық борышын өтеп келген соң Ақтау қаласындағы қазақ политехникалық институтының құрылыс факультеті не оқуға қабылданады. Құрылысшы инженер мамандығында оқып жүріп жас Серікбай белсенді жастардың бірі болды. Мемлекеттік қызметке аяқ басқаны да осы жылдар еді. Сол кездегі комсомол жастар ұйымын басқарып, кейін тәуелсіздік алған жылдары аудандық Түпқараған мәслихатында қызмет етеді.
Құрылыс саласына жетік, ауданның әлеуметтік нысандарының жайкүйіне қанық жас маман Түпқараған мекемесіне жетекші инженер болып кіріп, бөлім бастығы, мекеме директоры лауазымына дейін көтеріліп он жылға жуық қызмет етеді. Осы жылдар ішінде Каспий теңізі қайраңынан табылған мұнайды игеруге байланысты Форт-Шевченко қаласында жүргізілген құрылыстың басы-қасында болып, Баутин елді мекенінде Қашағандағы мұнай кен орнын қолдау жөніндегі базаның құрылысын салу бойынша жұмыстар атқарады. «Қаламқас», «Қаражанбас» кен орындарын жасау, аудан бойынша әлеуметтік құрылыстарды жөндеу, ауданның сәулеттік келбетін қалыптастыру істерінде өз қолтаңбасын қалдырды.
2004 жылы Түпқараған ауданы әкімі болып тағайындалған кезден бастап жауапты да жүгі мол аманатты арқалаған Серікбай Өтелгенұлының саяси тұлға ретінде дамуы басталды. Қызметіндегі кәсіпқойлығы, стратегиялық ойлауы, кез келген мәселеге кеңінен қарай алуы, шешімнің нәтижелі болуын басты назарға ұстауы нағыз әкімге сай қасиеттер еді. Өңірдің аудан, қалаларын басқарып, басшылық қызметін абыроймен алып жүрген азаматты ел-жұрт барған жерін гүл ететін әкімдер қатарына қосты.
Жағдай ушығып, күйіп тұрған күрделі мәселелер туындаған кезде Жаңаөзенге әкім болып, ондағы бүлінгенді бүтіндеп, қирағанды қалпына келтіру істерінде күн-түн демей, бел шешпестен іске кірісті. Бұрқ етіп көтерілген халық ашуын байыпты ақылмен, ұстамды мінезбен бағамдай біліп, ел бірлігін нығайтуға, араздықты өршітпеуге бар күшін салды. Әр істі салиқалы сабырмен саралап, жаңаөзендіктердің жан жарасын жазуда елмен қоян қолтық араласып, ішкі тұрақтылыққа басымдық беріп, көмек сұрап келген ешкімнің бетін қайтармай халықпен достық диалог құра білді.
«Мен Жаңаөзен қаласына әкім болып барған кезім ел үшін де, өзім үшін де, Жаңаөзен қаласы үшін де сын шақтардың бірі еді. Мен әкімдікке барғанда орынбасарлардың барлығы әр түрлі себептермен жұмыстан кетіп қалды. Алғашқы айлар да жалғыз өзім жұмыс жасауыма тура келді. Кейін кадр жинақталды, жаныма үзеңгілес, мүдделес, мақсатымыз бір әріптестер қосылды. Сол кездегі қалалық мәслихат хатшысы Сахи Еңсепұлы деген ағамыз өте тәжірибелі, өмір көрген салиқалы азамат еді. Сол азаматпен бірлесіп, елмен тіл табыса отыра өкілетті орган мен атқарушы орган бірге жұмыс жасадық. Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға байланысты арнайы мемлекеттік бағдарлама болды. Таңның атысы, күннің батысы демей соның басы-қасында жүрдік. Халықтың бір жарасын жазу үшін жан-жақты саяси тұрғыдан, адами тұрғыдан, әлеуметтік тұрғыдан барлық бағытта жұмыла ұйымдастырып, жұмысты бірлесіп атқардық», – дейді Серікбай Тұрымов.
Ел абыройы тұлғалар арқылы қалыптасады. Өз баламыз деп елдегі ағайынның іш тартатыны да бар. Өз ұлың өзекке теппес деген, көп айға созылған ереуілдің салқыны мен бейбере кетсіздікке ұласқан бұқараның жай-күйін бірден бағамдаған басшыны халық та жатырқаған жоқ. Қазір Жаңаөзен халқының Серікбай Өтелгенұлына деген ықыласы ерекше. Мұндай ізет құрметтің артында үлкен тынымсыз еңбектер жатады. Қызыл сөзден қаймақ шайқап, құрт қайнататын қоғамда сөздің емес, істің адамы аяулы екені анық. Ол елдің ісі ердің мойнында екенін дәлелдеген антына адал басшы болумен қатар ел бүтіндігін көксеген бекзат болмысын да байқатты. Серікбай Тұрымов аймақты өркендету, тың істерге серпін беруде қоғамды азаматтармен бірлесе отырып басқаруды жүзеге асырды. Сондықтан болар, Мемлекет басшысы туған топырақтың төл баласын сол өңірдің экономикалық қиын кезеңдерінде, аса жауапты шешім қабылдайтын тұстарда басшы етіп қойды. Жаңаөзеннің жүгін көтере білген білікті басшыны Маңғыстау облысына әкім еткен кезде әлемді әбігерге салған пандемия, мұнай бағасының құлдырауы, көптеген өндірістік мекемелер жұмыстарының тоқтауы секілді әлеуметтік түйткілдер туындаған тұсқа тап келді. Төтенше жағдайлар болғанына қарамастан Маңғыстауда індет салдарын еңсеру жұмыстары оң үйлестіріліп, ұйымдастыру жұмыстары жолға қойылды.
Берен істің иелері, олардың ел игілігіне жұмсалған қайраткерлік қырлары жұртшылыққа айқын танылмай жатуы мүмкін. Мемлекетшілдік бағытындағы саясат сабақтастығында да осындай ілкімді басшылардың жобаларының себебімен жасампаз істер жалғасын тауып жатады. Қазіргі күні өңірде жасалып жатқан толағай жұмыстар әу баста Серікбай Тұрымовтың Маңғыстауда бастап кеткен жобалары екенін біреу білсе біреу білмес.
Ол әкім болған тұста Маңғыстау өңіріндегі барлық өндірістік мекемелердің басын қосып, халыққа көмек көрсету бағытында біраз қызметтер жасалған болатын. Маңғыстаудың ең үлкен мәселесі – ауыз суға қатысты жылдық бағдарлама жасалды. Қазір жұмысы жүріп жатқан Форт-Шевченко қаласындағы 5 000 текше метр су тұшыту зауыты, Кендірліде салынып жатқан 50 000 текше метр су тұшыту зауыты, Ақтаудағы «Каспий» су тұшыту зауытына қосымша 20 000 текше метр су тұшыту зауыты, МАЭК-тен 24 текше метр су тұшыту зауытының құрылыстарын салу сол жоспардың бір парасы еді. Құйылыстан Ақтауға дейін су құбырын тарту жөніндегі жоба мен Бейнеу, Маңғыстау ауданындағы жер асты суларын зерттеу, су қорын анықтау жөніндегі арнайы жұмыстар да – сол кездегі өңірлік бес жылдық бағдарламаға кірген жобалар.
Бұдан бөлек, Серікбай Өтелгенұлы қолға алған жоба туризмді дамыту болатын. «Риксос» қонақ үйін салу, жылы жағалаудағы бірнеше орындардың инфрақұрылымдарын дамыту, су, тоқ, газ, жол мен қамту бағытында жұмыстар жасалды. Ақтау аэропортына барар төрт жолақты жол салынды. Ол жұмыстардың барлығы бүгінде жалғасын тауып жатыр.
Құрылысшы мамандығын игергендіктен болар, барлық жұмыстар сапалы, уақытында атқарылуына қатты мән беретін азамат «ел үшін бір тас қойсам да оның дұрыс әрі елге қажетті болуына күш салдым» дейді. Өмір жолдарынан алған тәжірибесі мен білімін елдің өсіпөнуіне жұмсағанын, алдына келген азаматтың қолдан келгенше меселін қайтармағанын айтқан Серікбай Өтелгенұлы шамам келгенше халыққа адал, таза, шынайы қызмет жасауды ұстандым дейді.
– «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қазақтың ұлы сөзі бар ғой. Халық өзі бағасын береді. Өскенім, жүрген жолым – барлығы елдің көз алдында. Халық деген айна, жасанды мінез, жасанды қылық танытатын еш себеп жоқ. Шама келгенше елге адал, таза, шынайы қызмет жасадым. Өмір жолымда өзім өнеге алған, ақыл-кеңестеріне жүгінген замандастарым, ағаларым болды. Құрылыс саласында Жәңгірхан Сарбасов, Өндірғали Ахметов, Қайрат Ахметов, бүгінде марқұм боп кеткен Қуандық Бектенов деген азаматтардан көп нәрсе үйрендім. Мемлекеттік қызметке келгенде бірлесе жұмыс жасаған, өңір ісін басқаруда үздік тәжірибелері бар Айкүміс Досанова, Жамаладдин Есбергенов, Түменбай Қалжанов секілді аға-апаларымыздан сабақ алдым. Әлі күнге дейін олардың ақылына құлақ асып, кеңестерін аламын, – дейді Серікбай Тұрымов.
Тарих таспасы мүлт кетпестен өз қаһарманы мен өз кейіпкерінің маңызды жолдары мен мемлекет үшін жасаған жасампаз істерін жадында сақтайды. Салиқалы шешіммен қабылданған әрбір саяси қадам, ел ертеңі үшін жұмсалған әрбір уақыт пен күш ұрпақтар сабақтастығында салтанат құратыны сөзсіз. Өзің құлақ тоспасаң өзгеге ақтара қоймас ғасыр сырын ішіне сақтаған маң даласы секілді Маңғыстаудың маңғаз мінезін бойына сіңірген Серікбай Өтелгенұлын бірге жүрген тізгіндес әріптестері өте ілтипатты, кішіпейіл, ұстамды адам деп сипаттайды. Болмысы саналы іс-әрекетке бейім адам тұлғалық жолын қалыптастырады. Саяси тұлғасы да, адами тұлғасы да біртұтас, мемлекеттік қызметкерге лайық тәртіп пен талапты өзіне бағындырған Серікбай Тұрымов – елге адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен жарқын тұлға.
Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ
*****
Cерік Өтелгенұлының өмір жолын біраз азаматтар жақсы біледі. Алайда ол кісінің азамат ретінде қоғам қайраткері есебіндегі атқарған рөлін мен біраз уақыттан бері жақсы білемін. Бірге қызметтес болмай тұрып та, Серікбай Өтелгенұлының адами қасиеттеріне тәнті болғанмын.
Жалпы Серікбайдан кейінгі буын, ел басқаратын азаматтар оның өмір жолынан үлгі алса екен деймін. Өйткені ол кісі – өз ісін жақсы меңгерген азамат. Құрылысшы мамандығын оқыған азамат қаладағы құрылыс жұмыстарына, халықтың әлеуметтік тұрмысына бейжай қарай алмады. Қиын-қыстау кезеңді де екеуміз бірдей басымыздан өткердік. Талай алқалы топтарда, жиындарда бірге жиналыс өткіздік. Осындай сәттерде Серікбай халықпен бірге болды, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, орын алған қандай жағдайға болмасын, халықпен бірге екендігін дәлелдей білген азамат деп айтар едім.
Жаңаөзен қаласына талай азаматтар басшылық қызмет етті. Халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсартуға үлес қосты. Кеңес Одағы тұсында, ертеректе қызмет еткен басшы Нұрмахан Бекбосыновтың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Ал Қазақстанның егемендік алған кезеңінде Жаңаөзен қаласында әкім ретінде айрықша қызмет еткен басшы – Серікбай Өтелгенұлы Тұрымов. Бұл азаматтың бойында ұлы қасиеттер жетерлік. «Ел басқарар жігіттің етек-жеңі кең болсын» деген қазақта керемет нақыл сөз бар. Салиқалы ой айтатын, кез келген мәселені байыппен, ақылмен шешетін, әркімге килікпейтін, сабырлы, байсалды мінезімен халықтың ықыласынан шыққан білікті басшы болды. Маңызды шешімдердің түйінін табарда мың ойланып, жанжақты зерделеп, пайымдап барып, жүзеге асыратын қасиеті көптеген лауазымды қызметте отырған азаматтарға үлгіөнеге деуге болады. Ел басқару ісі – өте жауапты әрі оңай емес іс. Серікбай Өтелгенұлы қаламыздың жаңарып, қайта түлеуіне, әсем келбетінің қалыптасуына басшы ретінде, елін құрметтейтін азамат ретінде ерекше еңбек сіңірді. Серікбай – халықтың құрметіне, ыстық ықыласына бөленген азамат. Өйткені оның ары да, жаны да, қолы да таза адам. Өте қарапайым мінезінің арқасында халықпен бірге болған абзал азамат ретінде жадымда жатталып қалатыны сөзсіз.
Сахи МЫҢБАЙ, Қарақия ауданы және Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы
*****
Сәкеңнің мерей жасы құтты болғай. Жақсы сыйлайтын, мақтан тұтатын ағаларымыздың бірі. Халық үшін аянбай қызмет еткен адам. Маңғыстау тарихында жүз жылдың ішінде өңірге басшы болып, аймақтың дамуына үлес қосқан Нұрдәулет інімізді қосқанда төртінші адам. Біріншісі – Тобанияз Әлниязұлы, оның тағдыры белгілі, кешегі қилы заманда халық жауы болып атылып кетті. Екіншісі – Ләззат Қиынов ағамыз еді, ол ағамызға да ешқандай өкпе жоқ, үй салмақ түгілі халыққа ақша, зейнетақы, айлық тауып бере алмай жүрген тоқсаныншы жылдардың ауыр кездерінде қызмет етті. Ол ағамыздың бітірген үлкен шаруасы – Маңғыстауға газ тарттыруы еді. Ал Серікбай Тұрымов ағамыз да қиын кезеңде келді. Облыс бюджетінің қоржыны ортайған, мұнай бағасы 25 долларға түсіп кеткен, мұнайды сатамыз ба, сатпаймыз да деген қиын сауалдардың тұсында басшы болды.
2020 жылы 20 наурыз күні пандемияға байланысты жұмыстар тоқтап, кәсіпорындар жабылды. Көктен тамшы тамбай, мал да жұтады. Сол тұста ел тізгінін қолға алған оған үлкен талап қойылды. Соған қарамастан іргелі істерді атқарды. Сәкеңнің үлкен, адамдық қыры – өзін жарнамалағанды жақсы көрмейтін. Ісімді халық көріп отыр, Алла көріп тұр дейтін. Кейбіреулер секілді шоу жасауға жоқ еді. Сондықтан да оның жұмыстарының бірін білсе, бірін қарапайым халық білген жоқ. Үлкен қасиеті – өте қарапайым, сыпайы. Өзі секілді мемлекеттік қызметкерлерге, азаматтарға үлгі-өнеге көрсетті. Жаңаөзенге әкім болған кезде қаланы қалай көркейтті, оның бәрі жадымызда, халық аузында. Сәкеңе биік абырой, қажымас қайрат, еңбегіне жеміс тілеймін.
Жәнібек ҚОЖЫҚ
*****
Cерікбай Өтелгенұлы Тұрымовты мемлекеттік басқару саласының барлық сатысынан өткен тәжірибелі, кәсіби деңгейі жоғары қоғам қайраткері ретінде құрметтеймін. Ол Жаңаөзен қаласын қиын-қыстау кезеңде басқарды деп айта аламын, өйткені ол қалада жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешу үшін үлкен еңбек етті. Бір сөзбен айтқанда мұнайшылар қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына, елді мекеннің гүлденуіне өлшеусіз үлесін қосып қолтаңбасын қалдырған нағыз әкім. С.Тұрымов қаланы басқарған кезде қанша жылдардан соң қала көшелеріне гүлзарлар отырғызылып, көк желектердің бұтақтары бірыңғай формаға келтірілді, көшелерге түрлі архитектуралық пішіндер орнатылды. Менің есімде, сол кезде орталық мемлекеттік органнан Жаңаөзенге іссапармен келген бір лауазымды тұлға «При таком хозяйственном подходе в городе оказывается можно выращивать и лимоны» деп таңғалған. Серікбай Өтелгенұлының тікелей бастамасымен 2013 жылдары Рахат ауылы құрылды, қаланың бас жоспары қайта жасақталып, бекітілді. Қызылсай ауылының ақсақалдарының бастамасымен көтерілген өзекті мәселе Қызылсай-Жаңаөзен автомобиль жолы облыс әкімінің назарына дейін жеткізіліп, тас жол жөнделді, ондай мысалдар біздің практикада көп болды. Серікбай Өтелгенұлы мәселені айтып қана қоймай оның шешу жолдарын ұсынып отыратын. Қазақ «жігіттің жақсылығын жұрты білер» дейді, бүгінде қанша жылдар өтсе де тұрғындар Серікбай Өтелгенұлының қарапайымдылығын, кішіпейілділігін, Жаңаөзен үшін атқарып кеткен жұмысын үнемі айтып келеді.
Дәмелі ЕСЕНОВА, Жаңаөзен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы