Жігіт биыл күзде Түркістан облысынан шақырылған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың 30 қыркүйегінде Ақтау гарнизонында «Оймаша» полигонында жұмыс істеу кезінде белгісіз зат жарылған. Оқиға салдарынан бір әскери қызметкер зардап шекті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнына шұғыл жедел жәрдем шақырылды. Медицина қызметкерлерінің қанша тырысқанына қарамастан, сарбаз ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болған.
Оқиға орнына «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Д.Оспанов бастаған комиссия жіберілді. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Әскери тергеу органдары сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу мүддесіне сай өзге ақпарат жария етілмейді.
Қарулы Күштердің Құрлық әскерлерінің басшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.