Қалада жылыту маусымы басталғаннан бері жоғарғы шағын аудандардың тұрғындарының автожолдарды жабуы жиілеп кетті. Мұндай жағдай 27, 30, 32 және 33 ш/ болған еді. Тұрғындар электр қуатын уақытша өшіруге наразылық білдіріп, судың жоқтығына, сондай-ақ жылу жүйесінің төмен қысымына шағымданды. Прокуратура тұрғындардың мұндай әрекеттері заңсыз екенін айтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 614-бабында көлік құралдарының қозғалысына қасақана кедергі жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Осы бап бойынша 5 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Заңсыз акциялардың қалған қатысушыларының жеке басы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, көлік байланысы бұғатталған жағдайларда, егер бұл әрекеттер көлік пен байланыстың қалыпты жұмысының бұзылуына әкеп соқтырса, ҚК 350-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенін атап өтеміз. Қазан айында Қарақия ауданы Жетібай ауылындағы өндірістік кәсіпорындарға апаратын жолдың жабылуын ұйымдастырған тұрғынға қатысты ҚК 350-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тұрғындарды заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға ресми түрде шақырамыз және талаптарды орындамағаны не құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске саламыз», - деп хабарлады прокуратура.