Әлеуметтік желіде Жетібай ауылындағы «Асар» кен орнының солтүстік бағытында орналасқан «ГУ-28» деп аталатын аумақта жер бедерінің екіге бөлінгені жөнінде видео таралды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қарақия ауданы әкімдігі баспасөз қызметі бұл жайтқа пікір білдірді. Мәлімдеуінше, жағдайдың себеп салдарын анықтау, зерделеу үшін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ тиісті мекемемен келісімшартқа отыру жұмыстары жүргізілуде.
- Тұрғындар мен шаруа қожалық иелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ - ның қолдауымен арнайы техникалар бөлініп, көму, жерді тегістеу жұмыстарын жүргізуде, - деп хабарлады Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ал «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі жер бедерінің жарылу себебін анықтаған соң қосымша ақпарат беретінін айтты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА