«Біз – адамбыз, біз – біргеміз» қорының еріктілері үш жылдан бері Ақтаудағы жалғызбасты қарттарды апта сайын тегін түскі аспен қамтамасыз етіп келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Әр жұмада көп балалы аналар ас әзірлеуге дайындалады, ал сенбіде таңғы алтыдан бастап нан пісіріп, 60 қарияға арналған тағам әзірлейді.
– Туыстары жоқ немесе балалары шетелде тұратын жалғызбасты ата-әжелер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ыстық тамақ әзірлейміз. Біз міндетті түрде балық пен ет тағамдарын алмастырып отырамыз. Тағамды сапалы көкөнімтермен әзірлеп береміз. Ал Yessenov University еріктілері тамақтарды қариялардың мекен-жайына жеткізеді», - деді «Біз – адамбыз, біз – біргеміз» қоғамдық қорының жетекшісі Иманғазы Досмұхамбетов.
Қор өкілдері тамақ әзірлеуге арналған өнімдерді өздері сатып алады. Дегенмен кей жкғдайларда қала тұрғындары да көмектесіп тұрады.
"Неге тамақ әзірлеп, оны таратасыздар?"- деп жиі сұрайды. Жауап – қарапайым ғана. Өйткені қарияларға көңіл бөлу қажет, олар қамқорлыққа мұқтаж. Еріктілер қатарындағы студенттер түскі ас жеткізу кезінде өз позитивімен бөліседі. Олардың бұл істі қуана атқарып жатқанына қуаныштымын»,- деп атап өтті Иманғазы Досмұхамбетов.