Маңғыстау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына келіп түскен жедел ақпарат бойынша қызметкерлер Ақтау қаласының 5 шағын ауданындағы пәтерлердің бірінде есірткі қолдануға арналған притонды жойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстың ПД-не сілтеме жасап.
Пәтерді тінту кезінде пластикалық бөтелке, шприц және басқа да заттар табылып, тәркіленді. 49 жастағы ер адамға қатысты ҚР ҚК 302-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және осы мақсаттар үшiн үй-жайлар беру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Ақтау қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұдан бөлек полицейлер пәтерде болған 33 және 41 жастағы екі әйелді ұстады. Жеке тінту кезінде олардың бірінің сөмкесінен 68 грамм марихуананың 16 түйірі табылды. Бұл дерек ҚР ҚК 296-бабы бойынша тіркелген (Есірткі, психотроптық заттармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу). Тергеу жүріп жатыр.