"Abish Alemi" II Халықаралық театр фестивалі аясында Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрында танымал кино және театр әртісі Меруерт Өтекешовамен кездесу кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме бере отырып.
Кездесу кешіне қазақ театр және кино өнерінің майталмандары - Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, мәдениет қайраткерлері және т.б қонақтар қатысты.
Алдымен "Қазақтың Төлегені" Құман Тастанбеков және «Қазақтың Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешованың шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді.
-Біз бүгін "Әбіш әлемі" халықаралық фестивалі аясында қуанышты еселей түскен әдемі бір кездесуге жиналып, қазақтың "Қыз Жібегі" атанған Меруерт Өтекешова апамызбен дидарласып, көзайым қуанышқа бөленіп жатырмыз. Қымбатты Меруерт Қаратайқызы, Әбіш аға тойына, қалың көрермендеріңіздің ортасына қош келдіңіз! Сіз сомдаған Қыз Жібек бейнесі міне, жарты ғасырдан бері халқымыздың көз қуанышына айналып, ұлттық кино өнерінің алтын қорынан лайықты орын алып, халқымызбен бірге жасайтын сәулелі бейнеге айналды. Көрермендеріңіздің сізге деген ықыласы мен пейілі қашан да жоғары. Маңдайыңызға бұйырған асыл өнердің шыңынан көрініп, абыройыңыз асқақтай берсін. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін,- деп өз тілегін жеткізді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Кеште қазақ театр және кино өнерінің абызы Асанәлі Әшімов те сөз кезегін алып, өз құттықтауын жолдады. Кеш театр өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.