Ақтауда «Маңғыстау - киелі түбегім, Ақтау - менің жүрегім» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Сөз дүлділдерінің додасына 14 ақын қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айтысқа Алматы қаласынан Айбек Ережепов, Шымкенттен Нұрлан Есенқұлов, Қызылордадан Мейірбек Сұлтанхан, Абай облысынан Әсем Ережеқызы, Арқалықтан Айбек Қалиев, Атырау қаласынан Нұрболат Нұғманов, Оралдан Мұрадым Мирланов, Тараздан Қанат Мырзахан және Ұлытау облысынан Мақсат Ақанов қатысты. Ал өңірдің намысын бес ақын қорғады. Олар - Зейнетулла Қосымбаев, Бейбіт Байжігітов, Ербол Жұмахан, Алшын Сүйемов және Қуаныш Жолдас.
Шарада Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов сөз сөйлеп, жиналғандарға жылы лебізін білдірді.
- Биыл Маңғыстау облысының 50 және Ақтау қаласының 60 жылдығы. Бүгінгі «Маңғыстау - киелі түбегім, Ақтау менің жүрегім» атты республикалық ақындар айтысы осы қос мерейтойға орай арнайы ұйымдастырылып отыр. Айтыс - қазақтың бекзада, болмысы биік төл өнері. Қазақтың ұлттық сөз өнері қай заманда да болмасын өз құндылығын жойған емес. Айтыс - қоғамдық ойды қозғаушы күш, ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы. Бұл жолғы сөз додасының жөні бөлек. Облыстың 50 жылдығы мен қаланың 60 жылдығын жырлауға кіл жүйріктер келді деп білемін, - деді Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов.
Ақындар өз ойларынан жаңылмай, өлеңді ақ жаңбырша төкті. Айтыскерлер бірін-бірі әзіл-қалжыңмен қағытып, суырыпсалмалық қабілеттерін сынады. Айтыс екі кезеңнен тұрды. Екінші айналымға 8 жүйрік іріктеліп шықты. Екінші айналымда Мейірбек Сұлтанхан мен Зейнетулла Қосымбаев, Айбек Ережепов пен Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы мен Мақсат Ақанов және Мұрадым Мирланов пен Ербол Жұмахан айтысты. Бір-біріне сөз өнерінің інжу-маржанын ұтымды жеткізіп, ұшқыр ойларын айтқан өнерпаздарға жиналғандарда дән риза болды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қызылордалық ақын Мейірбек Сұлтанхан иеленіп, 2 000 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.
Жүлделі I орынды жерлесіміз Зейнетулла Қосымбаев иеленіп, 1 000 000 теңгені қанжығасына байлады. Ал Ербол Жұмахан мен Мақсат Ақанов ІІ орын иеленіп 650 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.
Жүлделі III орын және 500 000 теңге ақшалай сыйлықты Айбек Қалиев және алматылық Айбек Ережепов алды. Әсем Ережеқызы мен Мұрадым Мирланов арнайы жүлдені жеңіп алып 350 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Ынталандыру 300 000 теңге ақшалай сыйлықты Нұрлан Есенқұлов, Нұрболат Нұғманов, Қанат Мырзахан, Бейбіт Байжігітов, Алшын Сүйемов және Қуаныш Жолдас иеленді.
Шара Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілді.