«1001» күй жобасының авторы, маңғыстаулық күйші Әлия Қарамұқан «Тәуелсіздік Ұрпақтары» атты әлеуметтік жобада бағын сынап, грант ұтып алған. Күйші өз курсында жастарға ұлттық аспаптың қыр-сырын тегін үйретіп, өткен ғасырларда өмір сүрген маңғыстаулық күйшілердің мол мұрасын жастарға насихаттап жүр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Күйші екі ай көлемінде жетпіске жуық жоба қатысушыларына домбыраның көптеген қыр-сырын үйретіп, баулиды. Әлия Қарамұқанның өзі ұлттық күй мұрамыздың жүзге жуық күйін біледі. Курс онлайн форматта өткізілгенімен, күйші әр шәкіртімен жеке жұмыс істейтінін жеткізді.
«Шәкірттерге домбыраны 3 түрлі әдіспен үйретіп жатырмын. Біріншісі, сандық жүйе, екіншісі кәсіби деңгейдегі ноталық әдіс, үшіншісі ата-бабамыздан жалғасқан құйма құлақ әдісі. Бұл курсымыздың негізгі мақсаты – қазақтың күйлері арқылы жастардың бойына ізгілік пен ұлттық құндылықты сіңіре отырып, өнерге деген қызығушылығын арттыру. Ата-бабаларымыздың өмірі мен шығармашылығын кеңінен тарату, жаңғырту және насихаттау. Жоба бойынша арнайы бейне үзіктер әзірлеп, ютуб, инстаграм, тик-ток әлеуметтік желілерінде насихаттап отырамыз», - дейді Әлия Қарамұқан.
Жоба қорытындысы наурыз айының аяғында анықталады. Әлия Қарамұқан курс соңында жоба қатысушыларымен кездесіп, мерекелік шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.