Ақтауда Маңғыстау облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Қайыртпай кеткен Қашаған» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Сөз бәйгесіне ел аумағынан 14 – 25 жас аралығындағы 16 суырыпсалма ақын, оның ішінде маңғыстаулық 5 ақын сынға түсті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, дүбірлі доданың басты мақсаты — Қашаған Күржіманұлының шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау. «Қайыртпай кеткен Қашаған» тақырыбында халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын өлең құдіретімен өскелең өрендерге өсиеттеу. Сондай-ақ, жас ақындардың суырып салма қабілетін, тума талант, табиғи дарынын дамытып, әйгілеу.
Әдеби-рухани іс-шараға Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев, Маңғыстау облысының бас прокуроры Айдос Майлыбаев қатысып, қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.
- Айтыс өнерінің ұлт мәдениеті мен әдебиетінде орны бөлек. Бүгінгі басқосудың ұрпақтар сабақтастығының алтын тінін жалғауда маңызы зор. Өңірімізде облыстық, республикалық айтыс додалары өткізіліп келеді. Өңірімізде ұйымдастырылған айтыс аламаны биыл республикалық деңгейде өтсе, келер жылы халықаралық деңгейде өткізілсін деген тілегім бар. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Айтыс екі айналымнан тұрды. 8 жұп өнер көрсетті. Ақындарға сөз додасында 6 қазылар алқасы баға берді. Олардың арасында Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері Мэлс Қосымбаев, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, айтыс ақындары мен жыршы – термешілердің халықаралық одағының Астана қаласындағы филиалының төрағасы Күзембаев Иран-Ғайып, филология ғылымдарының кандидаты Айбек, Серік Қалиевтер, белгілі айтыскер ақын Нұрлан Мұсаев бар.
Қазылар алқасының шешімімен Маңғыстау облысының намысын қорғаған Бейбіт Байжігіт бас жүлдеге ие болды. Ал, 1-орынға Астана қаласынан Нұрдәулет Өмірбеков, 2-орынға Батыс Қазақстан облысынан Райымбек Өтепов, Атырау облысынан Кәдірбай Батыржан және Жамбыл облысынан Мұхтар Қонарбаев жайғасса, 3- орынды Ақмола облысынан Берденбек Мырзат, Маңғыстау облысынан Ерсұлтан Аушанов, өңірімізден Жанболат Алиев қанжығасына байлады.