Маңғыстау облысында «Аманат» партиясының өңірлік филиалы, ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы, жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті фестивалі өткізіледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Amanat» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев айтты.
- Бұл фестивальді өткізудегі мақсат - инклюзиялық спорт-мәдени іс-шараларды өткізу арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың дені сау құрдастары арасындағы достық байланыстарын нығайту, олардың әлеуметтік белсенділігін, сенімі мен өзара сыйластығын арттыру. Фестивальге дені сау балалар және ерекше білім беру қажеттіліктері бар 8-14 жас аралығындағы балалар қатысады. Сайыс «Бочча», «Көңілді бастау» және «Жеңіл атлетика» деп аталатын 3 турдан тұрады. Фестивальға Маңғыстау облысынан 22 команда қатысады, деді Нұрбек Қарасаев.
Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясындағы кәсіпкерлер Ассоциациясының вице-президенті Жамбулат Тангиев фестивальді өткізу бойынша барлық шығындар (кубоктар, медальдар, дипломдар, сыйлықтар, спорттық нысандарды фестивальдің баннерлерімен және басқа нышандарымен безендендіру, су, тамақ, трансфер) ұйымдастыру комитетіне жүктелетінін мәлімдеді.
- Фестивальдің қорытындысы бойынша орындар беріледі. Әр аймақтан (облыс, республикалық маңызы бар қала, елорда) 1-орынға ие болған жеңімпаз-команда фестивальдің республикалық кезеңіне қатысады. Республикалық кезеңде жүлдегерлер сыйлықтармен марапатталады, - деді Жамбулат Тангиев.