Маңғыстауда мерекеге орай түрлі концерттер, қойылымдар мен музейлерде қала, аудан орталықтарымен қоса алғанда 57 мәдени іс-шара жоспарланып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлзайда Төлеуғалиева айтты.
Дәл осы күні нәзік жандылар барлық мәдениет мекемелеріндегі шараларға тегін кіре алады. Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында 8 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесіне орай спектакльдер көрсетіледі. М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында, Достық үйінде «Екі жұлдыз» атты мәслихат депуттарымен бірлескен концерт,«Ақшағала» вокалды-аспапты ансамблінің кеші, Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің «Ана — әлем шуағы» атты концерті өтеді, деді Гүлзайда Төлеуғалиева.
Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық қуыршақ театры Н. Насырованың «Сиқырлы сандық» қойылымын ұсынады. Ақтау қаласындағы Абай мәдени демалыс кешенінің Абай студиясында «Сыйынар ем Ана деген тәңірге» атты «Алтын алқа» иегерлерімен кездесу кеші, 5 наурыз күні «Ана деген тіршіліктің тірегі» мерекелік концерті, облыс әкімінің қатысуымен 7 наурыз күні Достық үйінде салтанатты іс-шара, 8-14 наурыз аралығында Маңғыстау облысының барлық қала- аудандарында Қазақстанның Халық әртісі Роза Қуанышқызы Рымбаеваның шығармашылық кеші, музейлерде «Маңғыстау қазақтарының ұлттық киім үлгілері» көрмесі ұйымдастырылады.
Сонымен қатар брифинг барысында спикер Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында 5-7 наурыз аралығында «Ана деген теңдесі жоқ ұлылық» кітап көрмесі, «Ана –мәңгілік шуақ төккен ғасырларға» мерекелік шарасы және «Мереке құтты болсын, аяулы аналар, арулар!» атты акциясы, облыс көлемінде аудандық, қалалық кітапханалардың ұйымдастыруымен 30-дан астам кітап көрмесі, тақырыптық кеш, библиокафе және т.б. шаралар өтетінін айтып өтті.
«ОТПАН» тарихи-мәдени кешенінде Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ел қамын жеген арулар» тақырыбында мемлекеттік қызметтегі қыз-келіншектермен кездесу ұйымдастырылып отыр.
Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Түпқараған аудандық филиалында «Келін боп түскен екенсің...» музей қызметкерлерінің арасында келіндер сайысы ұйымдастырылады. Бейнеу аудандық филиалында «Ана — өмір шуағы», Жаңаөзен қалалық филиалында «Аналарды ардақтау – асыл дәстүр» атты мерекелік шара өткізіледі.
Сонымен қатар, Жаңаөзенде қала көлемінде қалалық-ауылдық мәдениет үйлері және Орталық қалалық кітапхана мен оның кітапхана бөлімшелерінің ұйымдастыруымен 13 арнайы жоспармен бекітілген мерекелік кештер, байқаулар, кітап көрмелері және т.б. іс-шаралар өтеді. Жаңаөзен қаласы әкімінің қатысуымен Мұнайшы мәдениет үйінде 6 наурыз күні «Аяулы асыл жандар» мерекелік концерті, Теңге ауылы, Атамұра мәдениет үйінде «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» атты мүмкіндігі шектеулі аналарға арналған байқау және «Ана-барлық әдеміліктің үлгісі!» cурет сайысы, Қызылсай ауылдық Ұзақбай жырау Қазжанұлы атындағы мәдениет үйінде «Асыл анам»,«Анам— менің тірегім» мерекелік концерті,, Кендірлі ауылдық мәдениет үйінде «Әлем тербеткен ана» спектакль-концерті ұйымдастырылады.
Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия, Мұнайлы, Түпқараған аудандық мәдениет ошақтарында «Ардақты ана, аяулы ана қымбаттым», «Әлемнің жүрегі, татулықтың тірегі-Ана», «Ана жыры – көктем нұры» атты мерекелік концерттері, «Ананың шуағы әлемді бақытқа бөлейді» поэзия кештері, «Сырлы жеңге, сұлу қыз!» қайынсіңлі мен жеңге арасындағы тәрбиелік сағаты, кездесу, көрме кештері өтеді, - деді Гүлзайда Төлеуғалиева.
Сонымен қатар, Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында республикаға танымал эстрада әншілерінің кеші жоспарлануда атап айтар болсақ, 6 наурыз Қуандық Рахымның, 7 наурыз «Назар аудар» тобының , 8 наурыз Төреғали Төреәлі және Әділет Жауғашардың, 9 наурыз Қайрат Нұртастың концертін, 10 наурыз Райм мен Еркенің мерекелік кешін өткізу жоспарланып отыр.