8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымында еңбек ететін қыз-келіншектерді мерекемен құттықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталықтың стационарлық бөлімінде 50 бала, күндізгі бөлімде – 24, өзіне-өзі қызмет көрсету бөлімінде – 7, оңалту бөлімінде – 19 бала бар.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Церебральды сал ауруы, ақыл-ой кемістігі, аутизм сынды түрлі диагнозы бар балаларға күтім жасайтын орталықта 120 әйел адам және 15 ер адам жұмыс істейді.
Нұрлан Ноғаев әлеуметтік сала қызметкерлеріне адал еңбегі үшін алғыс білдірді.
«Осы бүлдіршіндерімізге деген жанашырлығыңыз үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сіздердің адал қызметіңіз, әр балаға деген сүйіпсеншілік пен күш-жігеріңіздің арқасында мына әлем жарқын әрі мейірімді бола түседі. Балалардың саулығы мен дамуы үшін орасан зор еңбек атқарып жүрсіздер. Осы жанқиярлық қызметтеріңіз үшін алғыс айтамын! Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлетінін айта кеткен жөн. Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік салаға аса мән беретін мемлекеттің берік іргетасы қаланды. Біз өз тарапымыздан осы саланы қолдауға бағытталған шараларды көбейте бермекпіз: оңалту орталықтарының санын арттырып, әлеуметтік орталықтардың материалдық-техникалық базасын жақсартамыз. Сіздерге алдағы уақытта табыс пен бақыт, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!» – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.