Ақтауда 30 мамыр күні «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акцияға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті, облыстық полиция департаменті, облыстық прокуратура, облыстық әділет департаменті, «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры қатысты. Сондай-ақ, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыс және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл бөлімінің өкілдері мен тұрғындар қатысты.
Шарада заңгерлер мен адвокаттар халыққа ақысыз заңгерлік көмек көрсетті.
-«Халық заңгері» республикалық акциясының негізгі мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Шарада 30-ға жуық маман өз саласы бойынша тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, заңгерлік көмек көрсетті. Бұл шара республика бойынша жыл сайын өткізіледі, - деді Маңғыстау облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және заңгерлік көмек көрсету бөлімінің бас маманы Әлия Жабатова.
Шараға қатысушылар қажетті заңгерлік кеңес, сондай-ақ мемлекеттік орган өкілдерінен өзіне қажетті мәселелер бойынша түсініктеме алды.
-Мен банк қызметі бойынша адвокаттан кеңес алдым. Қойған сауалдарым бойынша заң аясында қандай шешімдер қабылдау керектігін түсіндірді. Шара ұйымдастырушыларына алғысымды айтамын, - деді Ақтау қаласының тұрғыны Орынжан Утешев.