30 мамыр күні өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай қала, аудандардағы медициналық ұйымдардың қызметкерлерімен кездесіп, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, өңірдің денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі түрде дамыту, аймақтағы емханалар мен ауруханаларды заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, жедел жәрдем көліктерінің паркін жаңарту және жедел жәрдем жүргізушілерінің еңбекақысын арттыру мәселелері көтерілді.
Нұрдәулет Қилыбай облыстың денсаулық сақтау саласында қордаланған мәселелер медициналық ұйымдардың сапалы қызмет көрсетуі жөніндегі өңірлік саясатты дамытудың бірыңғай стратегиясын қалыптастыру үшін жүйелі талдауды қажет ететінін атап өтті.