Ақтауда республикалық «Абысын-ажын» байқауы өтті. Сайысқа өңірімізден 60 келін, көршілес Атырау облысынан 8 келін қатысып, бақ сынады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, байқаудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау, ақылына көркі сай қазақтың өнерпаз келіндерін анықтап оларды жарыққа шығару. Абысындар арасындағы өнегелі достықты келешек ұрпаққа үлгі ету, жас аналарды ұлттық дәстүрге тәрбиелеу.
Іс-шараға Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев қатысып, келіндерге сәттілік тіледі.
- Қазақта «Қоғамды тәрбиелегің келсе, қызыңды тәрбиеле» деген мағыналы сөз бар. Ата-бабамыз қызды қадірлеп, төрге шығарған. Қызды тәрбиелей отырып, бүтін бір ұлтты тәрбиелеген. Ұлттық дәстүрді абысынды-келіндер қаймағын бұзбай сақтаған. Сондықтан, бүгінгі байқаудың маңызы орасан зор. Үлгі-өнегені көрсетер жолда осындай шаралардың өтіп жатқаны қуантады. Мағынасы терең, берері мол байқау жыл сайын жалғасын табады деген сенімдемін. Барлық қатысушыларға тек қана сәттілік, жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер! , - деді Жаңбырбай Матаев.
Сындарлы сайысқа 7 қазы өз бағасын берді. Олардың қатарында ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық Ұлттық комиссияның мүшесі, «Қазақ аналары - дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің басшысы Айнұр Жүгінісова да болды.
- «Абысын-ажын» байқауы «Қазақ аналары - дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің үлкен жобасы. Бұл іс-шара да тектен-тек өткізіліп отырған жоқ. «Әйел түзелмей, әлем түзелмейді», «Абысын тату болса, ас көп» демекші, туысқандық қарым-қатынастың жойылған заманында барлығын қалпына келтіру үшін жасалып, ұйымдастырылып отыр, - деді Айнұр Жүгінісова.
Байқау 5 бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде қатысушылар өздерін таныстырса, екінші бөлімде келіндер өз өнерлерін көрсетті. Келесі бөлімде сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, қатысушылар талантын әділ бағалау мақсатында фонограммаға тыйым салынды. Сайыста Қожағұл әулетінің атынан қатысып, бақ сынасқан 9 келін болды.
- Әулетімізден 9 келін сынға түсіп жатырмыз. Үлкеніміз 50 жаста болса, кіші абысынымыз 20жаста. Байқау үшін арнайы 2 апта дайындалдық. Сайыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды арттыратын осындай байқаулар ұйымдастырыла берсін. Өзімізге тек жеңіс тілеймін, - деді Қожағұл әулетінің келіні Жанар Меңдібайқызы.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге Маңғыстау ауданынан келген Бекмағұловтар әулетінің келіндері ие болды. Ал, 1 орынға Түпқараған ауданынан келген Бөлеевтар әулеті, 2 орынға Бейнеу ауданынан келген Есбергеновтар әулеті, 3 орынға Жаңаөзен қаласынан қатысқан Жетыбаевтар әулеті жайғасты. Барлық қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табысталды.