Ақтау қаласында кейбір газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болғанына тұрғындар шағымдана бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала іші мен сыртындағы елдімекендер аумағындағы газ құю бекеттерінде көліктер қатары артқан. Осы жағдайдан кейін Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграмдағы арнасында бірнеше адам өзінің шағымын білдірді.
«Қала сыртындағы «Барыс ойл» жанындағы газ құю бекетінде кезек көп. Мұндай жағдай қаланың ішінде де байқалады», - деп жазды тұрғындардың бірі.
Осыған қатысты Ақтау қалалық “Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі жауап берді.
«Қазіргі таңда қала аумағында 22 АГҚС (қалдық қоры 391т) өз жұмысын атқарып жатыр. Кезектің басым бөлігі қала ішінде. Ал қала сыртында кезектің байқалмайтынын және “ҚазГӨЗ”-ЖШС-нен бейсенбі күні 170-180 тн көлемінде СМГ өнімін жеткізуді жоспарланғанын қаперіңізге салады», - деп жауап берді мекеме өкілдері.