«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, 7-15 желтоқсан аралығында суық арктикалық ауа массаларының келуімен республика бойынша ауа температурасы күрт төмендейді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысында түнде -18 градусқа дейін, күндіз -12 градусқа дейін аяз күтіледі.
Екінші онкүндікте республика бойынша аяз бәсеңдейді. Ал үшінші онкүндікте ауа температурасы республиканың солтүстік бөлігінде түнде -28 градусқа дейін, күндіз -20 градусқа дейін, ал оңтүстік жартысында түнде -15 градусқа дейін, күндіз -8 градусқа дейін түседі.
Күзде республиканың басым бөлігінде қатты жауын-шашын байқалған еді. Ауа температурасының -39°С-қа дейін төмендеуіне және қар жамылғысының болмауына байланысты топырақтың терең қатуы болып, 2024 жылғы су тасқыны жағдайын қиындатуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, былтырғы талдаулар бойынша қыс мезгілінде қардың аз жаууы және төмен температуралық фон топырақтың кенет қатуына және өзендерде мұз қатуына әкеліп соқтырады.
Осыған байланысты өңірлердегі қауіпті аймақтарда орналасқан ең проблемалы жерлер мен елді мекендерді анықтап, су тасқыны жағдайының алдын алып, бақылауда ұстау қажет. Ықтимал төтенше жағдайлар аймақтарын көрсете отырып, қауіп топтары бойынша су тасқыны жағдайын модельдеу ұсынылады. Сондай-ақ, қауіп дәрежесін ескере отырып, елді мекендердің су тасқыны кезеңіне дайындығын анықтау бойынша рейдтік іс-шараларды өткізу ұйымдастырылмақ (қардан тазалау, арықтар мен каналдарды тазалау).