«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесінің ұсынған су мен жылу тарифтерін өсіру туралы өтініші қабылданбады. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Салимов мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Тарифті өзгерту жобасы қоғамдық тыңдауға ұсынылып, қаралды. Онда энергия өндіруші тарифті көтеру себептерін атады.
Оны аталған мекеме газ құнының өсуі және жабдықтардың тозуымен байланыстырды. Тарифтерді көтеру қажеттілігі су мен электр энергиясын өндіруге қажетті өнім құнының қымбаттауымен де байланысты.
Тыңдауда қоғам белсенділері мен Ақтау қаласының тұрғындары кәсіпорынды сынға алды. Олар тұтынушылар есебінен құрал-жабдықтарды жөндеу, жаңарту туралы ұсыныспен келіспейді. Тұрғындардың айтуынша, қаражатты Энергетика министрлігі бөлуі керек.
– Біз ол мекеменің халыққа, бюджеттік ұйымдарға және заңды тұлғаларға қажетті құжаттарды толық ұсынбағандықтан өтінішін қабылдамадық. Тарифтік өзгерістер болмайды, - деді Жандос Салимов.
Ал, “МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС барлық қажетті құжаттарды тапсырып, тарифті көтеруге қайта өтініш бере алады.