Маңғыстау облысында 23 қалалық және ауылдық мектептер жарты жыл ішінде 2022-2035 жылдарға арналған өздерінің даму стратегиясын әзірледі. Нәтижесінде 3 ауылдық, қалалық серіктес мектеп топтары жоғары нәтиже көрсетіп, жобалары үздік атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Серіктес топтардың: «қала-ауыл» мектептерінің даму стратегиясын қалыптастыру» тәлімгерлік жобасы аяқталды. Жоба Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен білім беру жүйесін дамыту, ауылдық және қалалық мектептердің білім беру сапасын теңестіру мақсатында іске асты.
-Бағдарлама аясында облыстың жалпы білім беретін мектептерінде көшпелі зерттеу әдістері жүргізіліп, соның негізінде мектептердің басшылық командаларын оқытуға арналған жобалар әзірленді. Одан бөлек 2025 жылға дейін тәлімгерлердің жетекшілігімен 23 серіктес мектептің даму стратегиясы дайындалды. Нәтижесінде 3 ауылдық, қалалық серіктес мектеп топтары жоғары нәтиже көрсетіп, сертификаттармен марапатталды, - дейді білім басқармасындағылар.
Басқарманың мәліметінше, жеңімпаздар арасында Ақтау қаласының №14 жалпы білім беретін мектебі мен Маңғыстау ауданы Шетпе ауылының М. Атымов атындағы №6 жалпы білім беретін мектебі, Ақтау қаласының №1 жалпы білім беретін мектебі мен Маңғыстау ауданы Шетпе ауылының №7 мектеп-лицейі, Ақтау қаласының №20 жалпы білім беретін мектебі мен Маңғыстау ауданындағы Қаратөбе ауылының жалпы білім беретін мектебі бар.
«Үздік жоба» номинациясын Маңғыстау ауданының №7 мектеп-лицейі жеңіп алды. Білім ордасына кітаптар мен сертификаттар берілді.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева, Ш.Есенов атындағы университеттің жоғары білім беру мектебінің деканы Еран Асхатұлы, сондай-ақ аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен мұғалімдері қатысты.
Шарада жобаның талаптарына сәйкес келмейтін даму стратегиялары қайта қаралып, әзірленетіні атап өтілді.