Жаз айларында әлеуметтік желіде Ресейдегі мұнай компаниясына маңғыстаулықтарды жұмысқа шақыру туралы хабарландыру жарияланған болатын. Алайда, желі қолданушылары ақпараттың растығына күмәнданған еді. mangystaumedia.kz тілшісі осы жағдай бойынша ізденіп көрді.
Шетелдік компания ел азаматтарына 1 мың орынға жұмыс ұсынды. Алайда, осы күнге дейін бар болғаны 50 адам сұраныс берген.
Ал, желі қолданушылары аталған ақпараттың шындығына күмәнданды.
- Өтірік ақпарат беріп, халықты алдағансыздар. Ондай компания болса, 5 мың адам баратын еді,-деді Маржан Айтмұханова.
- Неге бос сөзбен басты қатырасыздар? Ол қандай компания? Таныспен ғана алады. Кез-келгені өте алмайды,-деді Несібелі Теңелқызы.
Ал, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылардың айтуынша, қазіргі таңда Ресейдегі «Татнефть» компаниясына 40-тан астам адам жұмысқа орналасқан. Басым көпшілігі жұмыс тәжірибесі бар адамдар.
- 2022 жылдың маусым-шілде айларында ресейлік “Тат-нефть” мұнай компаниясына маңғыстаулықтар жұмысқа орналаса бастады. Компания өкілдері облысқа келіп, сұхбат өткізіп, жұмысшыларды іріктеді. Осылайша, 59 адам ресми жұмысқа кірісті. Қазіргі таңда компания тарапынан сұраныс әлі бар. Сондықтан қала, аудандағы жұмыспен қамту орталығына барып, тиісті құжаттарын тапсыруға болады. Кейін компанияға жолданады, олар үміткерлерге байланысқа шығып, әрі қарай қадамдарын айтады,-деді басқарма басшысының орынбасары Досан Жеткізген.
Компания тарапынан негізі сұранысқа - бұрғылаушы, оның көмекшісі, агрегат-машинист, ұңғымаларды жөндеу, токарь, жүргізуші сияқты мамандықтар ие екен.
Аталған компанияға жұмысқа орналасқан маңғыстаулық тұрғынмен тілдестік. Ол еш таныссыз кіргенін айтты.
54 жастағы Сырым Байлаубай 6 айдан бері Татнефьте жасап жатқанын айтты. Ол бұрғылаушының көмекшісі. Жалақысы 600 мың тг.
- Әлеуметтік желіден хабарландыруды көріп, жұмыспен қамту орталығына бардым. Қүжаттарды тапсырдым. Өздері сұхбатқа шақырды. Онда мамандық бойынша сұрақтар қойылды, техникаларды сұрады. Жауап бердім. Әрі қарай, шақырамыз деді. Татарстанға келдім. 1 ай оқыдым, оқуда бұрғылаушының жұмыстарымен танысып, электр снабжение қосымша оқыдым. Сөйтіп 6 айдан бері жасап жатырмын,-деді Сырым Байлаубай.
Ол вахаталық әдіспен 15 күн істеп, 15 күн демалады. Жатақханада тұрып жатыр. Жазда Маңғыстаудан Оралға дейін барып ар жақтан автобус келгенін айтады, қазіргі таңда Ақтөбеге арқылы кетіп жүр екен.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар орталығы мамандары әлі күнге сұраныс бар екенін жеткізді. Егер мамандыққа сәйкес білімі болса, құжат тапсыруға болады.