Ақтауда 25 шілде күні «Жастарға жұмыс» республикалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шара ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» ЖҚ Маңғыстау облықтық филиалы және Маңғыстау облысының Еңбек мобилдігі орталығы «Ақтау қалалық мансап орталығы» филиалының ұйымдастыруымен өткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Еркебұлан Сарымбетов және Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұқаев және 30-дан астам мемлекеттік мекемелер, ұйымдар, жеке кәсіпкерлер қатысты. Жәрмеңке барысында 200-ге жуық жұмыс орындары ұсынылды. Шарада жастарға субсидияланған жұмыс орындары туралы ақпарат берілді.
- Өтінім берушілерге субсидияланған жұмыс орындары: «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім шарты» бағдарламалары және қалалық мансап орталығында көрсетілетін қызметтер таныстырылды. Өтініш беруші жастар түйіндемелерін жұмыс берушілерге ұсынды. Жұмысқа орналасудан бөлек қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және мемлекеттік қайтарымсыз грант, ерікті қоныс аудару бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деді шара ұйымдастырушылары.