Бүгін Ақтауда Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының жобасы аясында «Шуағыңды шаш» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес: Азаматтық қоғамның рөлі» туралы семинар -тренинг өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Семинарды «24 kz» арнасының тілшісі, «Stop жемқорлық» бағдарламасының жүргізушісі Жәудір Оразхан жүргізді.
Жиынның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық бақылау заңын жан-жақты талқылау, түсіндіру. Семинар барысында тренинг бағдарламасына шолу жасалып, мақсаты түсіндірілді. Сондай-ақ жемқорлықтың кеселі мен оның пара алу, бопсалау, алаяқтық, мүдделер қақтығысы жайлы формалары сөз етілді.
Жәудір Оразхан бұл семинар-тренинг аймақтар бойынша алғаш рет Ақтау қаласында өткізіліп отырғанын айтты.
«Ақтаудан кейін Форт-Шевченко қаласына барамыз. Басқа өңірлермен салыстырғанда Маңғыстау облысында жемқорлыққа қарсы белсенділік байқалады. Біз үшін ең тиімді әдіс – жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Сондықтан, қарапайым сыйлық бермеу, мәселені таныс арқылы шешпеу, жемқорлықпен күрес мәдениетін қалыптастыра білуіміз қажет», - деді ол.
Жәудір Оразханның сөзінше, біз ең әуелі үйіміздегі мүлкімізге қандай жанашырлықпен қарасақ, мемлекеттің мүлкіне де сондай қамқорлықпен қарауымыз қажет.