ҚМГ мен ENI екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Маңғыстау облысында жаңартылатын энергия көздері (күн+жел) және газбен (электрмен қамтуды тұрақтандыру және газ ресурсын үнемдеу үшін маневрлік қуат ретінде) жұмыс істейтін, қуаты 120 МВт гибридті электр стансасын салу жобасын бірлесіп іске асыруға келісті, деп хабарлайды mangsytaumedia.kz
"ҚМГ" ҰК" АҚ мәліметіне сүйенсек, бұл жоба Мемлекет басшысының «жасыл» жобаларды дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмасын іске асыру жолындағы қадам болмақ. Бастама өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, инвестицияның келуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді деп күтіледі.
Сонымен қатар электр энергиясын мақсатты нысандар үшін (атап айтқанда, «Өзенмұнайгаз» және Қазақ газ өңдеу зауытының нысандары қаралуда) өндіру мен жеткізу өндірісте жиі болатын электр энергиясының іркілісі салдарынан апаттық тоқтап қалу қауіпін жоюға мүмкіндік береді деп көзделуде.
Жобаны іске асыру мерзімі – 2023-2025 жылдар (жоспар бойынша күн генерациясының блогы 2024 жылы, ал жел мен газ блогы 2025 жылы іске қосылады, болжаммен бюджет мөлшері шамамен 300 млн АҚШ доллары).