Танымал қазақстандық бес фотографтың жұмысы қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынылды. Туындыда өңірдің табиғи, тарихи және мәдени көрікті жерлерінің сұлулығы мен бірегейлігі көрсетілген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Фотокөрмені Маңғыстау облысының туризм басқармасының тапсырысы бойынша National Geographic Qazaqstan журналы дайындаған. Негізгі мақсат – аймақтың туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танымал ету, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде насихаттау.
– Көрмеде облысымыздың киелі әрі ерекше жерлеріне арнайы саяхаттар ұйымдастырылған кезде түсірілген түпнұсқа фотосуреттер ұсынылған. Тұрғындар мен қонақтар көрме арқылы туристік орындармен танысқаннан кейін сұлулығын көзбен көру үшін сол жерлерге барады деген сенімдемін. Міндетіміз – мәдени құндылықтарымызды қоғаммен бірге дәріптеу және қолымызда бар нәрсеге қамқорлық жасау, – деп дейді Маңғыстау облыстық туризм басқармасының туризмді насихаттау және дамыту бөлімінің басшысы Гүлсім Жариева.
Бүгінде облыстағы 13 мыңнан астам тарихи және мәдениет ескерткіш мемлекет қорғауында. Егер 2021 жылы облысқа 290 мыңнан астам адам келген болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 310 мыңға дейін өсті. Бұл қонақ үйге келіп, тұрақтанғаны ғана.
– Қазір туризм – облыс экономикасының басым бағыттарының бірі. Алғашқы алты айда облысқа 65 мыңнан астам адам келген. 9 ай ішінде eQonaq ақпараттық жүйесіне 43 мыңнан астам шетелдік турист тіркелген. Биыл лицензиясы бар 13 туроператор тіркелді, олар 190-нан астам туристік маршрутты әзірледі», - дейді Гүлсім Жариева.
Көрме 20 күн бойы "ШУМ" сауда орталығының екінші қабатында болады. Содан кейін фотографтардың жұмыстары National Geographic журналы мен әлеуметтік желілерге жарияланады.