Жаңаөзенде жаңа өндіріс орындарын ашып, қала экономикасына инвестиция құюға ниетті бизнес өкілдеріне тиімді мүмкіндік туды. «Өзенмұнайгаз» АҚ инвестормен бір көзден ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуға заң жүзінде рұқсат алды.«Самұрық-Қазына» қорының нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізіліп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі бекітті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы «Өзенмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Нұрдәулет Қилыбай өзінің Facebook парақшасында жазды.
-Мұнай компаниясының үздіксіз жұмыс істеуі үшін жыл сайын жүздеген миллиард теңгеге құрал-жабдық сатып алынады. Оның көбі шетелдік өнім болғандықтан еліміз жаңа технологиялардан да, жұмыс орындары мен салықтардан да тыс қалып жатыр. Енді осы олқылықтың орны толмақ. Төрт ай бойы әріптестерім елордадағы мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып, ақыры қажетті құжат бекітілді. Бұл шешім Жаңаөзеннің ғана емес, Маңғыстаудың, бүкіл Қазақстанның экономикасына оң әсерін тигізері сөзсіз. Сонымен қатар жаңаөзендік жастардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік туады», – деп жазды Нұрдәулет Қилыбай.
Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу тәртібінің 73-бабының 1-тармағы 14-тармақшамен толықтырылды:
- Маңғыстау облысының немесе Жаңаөзен қаласының жергілікті атқарушы органдарының, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, тапсырыс беруші өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы ұсынған, Жаңаөзен қаласының аумағында осы тауарларды өндіруді ұйымдастыруға кепілдік беретін әлеуетті инвестордан (өнім берушіден) Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Жаңаөзен қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркелген персонал саны кемінде 50 жұмыс орны бар тауарларды сатып алу әлеуетті инвесторды (өнім берушіні) іріктеу тәртібі мен критерийлері көрсетілуі тиіс.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ директорлар кеңесінің 2023 жылғы 29 тамыздағы №222 шешіміне сәйкес, бұл норма 2023 жылғы 11 қыркүйектен бастап күшіне енді және 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
«Бұл бастаманы әу бастан құптап, оның бекітілуіне тікелей ықпал еткен облыс басшысы Нұрлан Ноғаевқа, қолдау көрсеткен «ҚазМұнайГаз» АҚ басшысына, және осы процестің басынан аяғына дейін жүрген «Өзенмұнайгаз» АҚ ұжымына алғысымыз шексіз. Құрметті бизнес өкілдері, осылайша екі тарапқа да тиімді құжат мақұлданды, енді еш күмәнсіз Жаңаөзенге келіп ақша салуларыңызға болады. Жаңаөзенді мұнайлы қаладан өндірісті қалаға айналдыру өз қолымызда”,-деді «Өзенмұнайгаз» АҚ басшысы.