Бүгін сенат депутаттары Маңғыстау облысына жасалған іс-сапар аясында экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің шағын және орта бизнес, көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мәселелері бойынша бірнеше кәсіпорынды аралады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сенаторлар "Caspi Bitum" БК" ЖШС, "Ақтау Теңіз Сауда Порты" ҰК" АҚ, "Chem-Invest Export" ЖШС, "Topan Chemical Industries" ЖШС және "Caspian Safety Group" ЖШС аралап, жұмыс барысымен танысты.
- Шағын және орта бизнес – мемлекет экономикасында үлкен орын алады. Сондықтан елде неғұрлым ШОБ көп болса - елдің дамуы да соғұрлым жоғары болмақ. Мемлекет басшысы айтқандай, елде кәсіпкерлерге толық жағдай жасалып, жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс. Сонда кәсіпкерлік нысандар саны артып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Дегенмен елімізде кәсіпкерлерге берілетін несиенің қолжетімсіздігі, пайыздың көптігі және салық шараларының жеңіл орындалмауы секілді мәселелер бар. Осы тақырыптарды әр отырыс сайын көтерудеміз,-деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Рысбекова.
ҚР сенаторлары ең алдымен «CASPI Bitum» БК» ЖШС-ға барады. Мекеме 2013 жылдан бері жұмыс істейді, жобаның жалпы құны – 290 млн АҚШ доллары. Ақтау зауытының битумы Қазақстан Республикасының барлық дерлік стратегиялық автомобиль жолдарының, соның ішінде Батыс Еуропа - Батыс Қытай автожолдарының құрылысында қолданылды. Бұл мекеме 214 адамды жұмыспен қамтыған.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Әлібек Нәутиевтің айтуынша, іс-сапар мемлекет басшысының соңғы Жолдауы аясында өңірлердегі логистика, инфраструктура бағыттарын жетілдіру аясында атқарылатын жұмыстарды бақылауға арналған.
- Іс-сапар аясында бірнеше кәсіпорынды аралаудамыз. Қазір Қазақстанда 95 000 шақырым жол бар. Оның 26%-ы – Республикалық деңгейде, қалғаны – облыстық және аудандық деңгейдегі жолдар. Осы жолдарды дамыту бойынша Президенттің тапсырмасына сәйкес автомобиль жолдарын дамыту бойынша үлкен мәселе бар, ол – битум мәселесі. Ал елде ең көп мөлшерде битум өндіретін мекеме Маңғыстауда орналасқан. Дегенмен әр саланың өз қиындығы болатыны секілді бұл өндірістің де жұмыс барысымен танысып, мұндағы мәселелер мен шешімін табу аясында атқаралып жатқан жұмыстармен таныстық. "Caspi Bitum" БК" ЖШС жылына 500 мың тонна битум шығаруда. Мекеме өкілдері қазір өнім шығаруды 750 мың тоннаға дейін арттыру жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатырғанын айтты,- деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлібек Нәутиев.
Сенаторлар тоқтаған екінші нүкте – теңіз порты. Каспий теңізінің шығыс жағалауында бірнеше халықаралық көлік дәліздерінің қиылысында орналасқан Ақтау теңіз порты тәулік бойы құрғақ жүктерді, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және кері қарай Иран, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан бағыттарына тасымалдайды.
Сонымен қатар сенат депутаттары айына 2000 түрлі киім тігетін "Caspian Safety Group" ЖШС аралады.
- Тігін цехында бүгінде 50 астам адам жұмыспен қамтылған, одан бөлек тігілген киімдерді сататын арнайы дүкендерімізде 10-ға жуық адам еңбек етеді. Мекеме 2021 жылдың аяғында ашылып, 2022 жылдан бері киімдерді тігіп келеміз. Біздің киімдер көбінесе мұнай компанияларына арнап тігіледі,- деді мекеме директоры Қорғанбек Кударов.