Маңғыстау облысы бойынша филиалында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басты миссиясы туралы айтылды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 01 шілдедегі № 389 қаулысына сәйкес құрылды. Қордың басты міндеті – еліміздің әрбір азаматын медициналық көмекке оның қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы күтпеген жерден жоғары шығындардан қаржылық қорғауды қамтамасыз ету», - филиал директоры Елдеш Қосмағанбетов бөлісті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры пациенттердің құқықтарын қорғау – Қордың басымдық бағытының бірі екенін еске салады. Егер пациент медициналық көмек көрсетуден бас тартуға тап болса немесе ол тиісті түрде көрсетілмесе, онда кері байланыс арналары – 1406 нөмірі бойынша байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе SaqtandyruBot Telegram-боты арқылы ӘМСҚ-на жүгінуі қажет. Қордың мамандары мен сарапшылары жедел әрекет етіп, қажетті көмек көрсетеді.
«Бізге емханаларда медицина кадрлардың жеткіліксіздігі, олардың біліктілігіне сәйкестігі, клиникаларда медициналық жабдықтардың болуы және нақты елді мекенде клиникалардың болуы туралы сұрақтар жиі келіп түседі. Тұрғындарымыздың назарына бұл мәселелер Қормен емес, облыстың Денсаулық сақтау басқармасымен реттелетінін айтқымыз келеді», - деді Елдеш Саханұлы.
Сонымен қатар, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры туралы қате түсініктердің мысалдарына тоқталғым келеді.
Медициналық сақтандыру қоры медициналық қызметтерге тарифтерді қалыптастырмайды, емдеу бұйрықтары мен хаттамаларын бекітпейді. Ол үшін уәкілетті құзыретті орган бар – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Қор дәрігерлердің жұмыс кестесін құрмайды, жеке емханаларда ұйымдастыру мәселелерімен айналыспайды – дәрігерлердің қабылдауына жазбайды – мұнымен медициналық ұйымның бірінші басшысы және медициналық ұйымның ішінде осыған уәкілеттік берілген адамдар айналысады.
Қор медициналық тексеруге жолдама бермейді, емдеу тактикасын айқындамайды, дәрілік препараттарды тағайындамайды және рецептілер жазып бермейді. Мұны емдеуші дәрігер, бекітілген емхананың терапевті немесе емделуші емделетін клиника жасайды.
Пациенттерге медициналық көмекті осыған тиісті лицензиясы бар клиникалар көрсетеді. Қордың міндеті – оны ұсыну сапасын бақылау. Егер пациент өз құқықтарының бұзылуына тап болса, ол кері байланыстың ресми арналары арқылы Қорға жүгінуге құқылы. Қажет болған жағдайда сарапшылар жоспардан тыс тексеру жүргізеді.
Қор медициналық ақпараттық жүйелердің, атап айтқанда Damumed-тің иесі болып табылмайды және пациенттердің жеке кабинеттеріне қол жеткізе алмайды. Қордың сақтандырылған тұлғаларды есепке алу бойынша ақпараттық жүйесі бар және пациенттер мен қазақстандықтардың дербес және медициналық деректерінің сақталуына және таратылмауына толық жауап береді, атап айтқанда берілген ЖСН-ді үшінші тұлғаларға бермейді.
Қор емханаға тіркелумен айналыспайды және мақұлдауға немесе тіркеуден бас тартуға «әсер ете» алмайды. Егер сіз негізсіз бас тартуға тап болсаңыз, өз аймағыңыздың Денсаулық сақтау басқармасына немесе Медициналық сақтандыру қорына ресми байланыс арналары арқылы хабарласыңыз – бірыңғай байланыс орталығының 1406 нөміріне қоңырау шалу, немесе өтінішті Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы, немесе fms.kz сайтта қалдыру.
Айта кету керек, 2022 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалына тұрғындардан 1390 өтініш түскен. Оның ішінде 4 өтініш консультациялық сипатқа ие, 827 – шағымдар және 559 алғыс медициналық ұйымдар мен дәрігерлерге келіп түсті.
Сондай-ақ, жарналар мен аударымдар медициналық сақтандыру қорына тікелей түспейтініне назар аударамыз. Олар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы өтеді және Ұлттық банктегі арнайы шотқа жинақталады. Бұл қаражат Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын жеткізуші медициналық ұйымдар көрсеткен МӘМС пакетінің медициналық қызметтеріне ақы төлеуге жұмсалады.
2022 жылға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Маңғыстау филиалы медициналық ұйымдарға 59 млрд теңгеге жуық қаражат бөлді.