Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының ортопед-дәрігерлері 32 жастағы науқастың жамбас буынына тотальді эндопротездеу операциясын жасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Науқас он күн бұрын облыстық ауруханаға амбулаторлы дәрігерінің жолдамасымен келген. Оған клиникалық тексеруден кейін сол жақ жамбас басының асептикалық некрозы диагнозы қойылған. Дәрігерлер науқасқа консультация жүргізіп, операция тағайындады.
80 минутқа созылған ота сәтті өтті. Операцияға ортопедия бөлімінің меңгерушісі Жәнібек Түймебаев, Нұркен Мухашев пен Бектұр Есболаев қатысты.
«Қазір науқас палатаға ауыстырылды, әрі қарай 7-10 күндей дәрігердің бақылауында болады. Ертеңнен бастап реабилитолог-дәрігердің кеңесімен операциядан кейінгі оңалту емшарасы жүргізіледі. Атап айтқанда, науқасты отырғызу, аяққа тұрғызу, қосымша балтақтың көмегімен жүргізу сияқты жаттығулар жасалады», - деді ортопед-дәрігер Н. Мухашев.
Науқас Рүстем Әбілханұлының айтуынша, былтыр коронавируспен ауырған. Содан кейін аяғы жиі қақсап, ауырсыну белгілерін берген.
«Бастапқы кезде аяғымның ауырғанына мән бермедім. Дәрігерлер жамбастың асептикалық некрозы деген диагноз қойды. Кейін Астана қаласына барып, республикалық травматология орталығының ортопед-дәрігерлерінен кеңес алдым. Ақтау қаласында да соңғы үлгідегі эндопротездеу операциясын жасайды деген соң, облыстық ауруханаға келіп, операция жасаттым. Қазір операциядан кейін өзімді жақсы сезінемін. Ешқандай ауырсыну жоқ. Дәрігерлер сенімді, білімі мен біліктілігі жоғары екеніне көзім жетті. Медицинаның, заманауи медициналық құрал-жабдықтардың, білікті дәрігерлердің еңбегі нәтижесінде денсаулығым жақсарып жатыр», - дейді науқас Рүстем Әбілханұлы.
Айта кетейік, жоспарлы операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, ал шұғыл ота медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жүргізіледі.