Ақтау тұрғындары облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасындағы төсек-орын тапшылығына шағымданды. Қазіргі таңда балалы аналар дәлізде жатуға мәжбүр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
– Жаңа жұқпалы аурулар ауруханасын салуды сұраймыз. Науқастар дәлізге де сыймай жатыр, - дейді тұрғындар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, жұқпалы аурулар бөлімшесінде төсек-орынның жетіспеушілігі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты.
– Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінде (инфекционный) қызылша, бронхиолит және пневмонияның күрт көбеюіне байланысты 60 төсектен 80 төсекке көбейтілді. Қазіргі уақытта орын жеткілікті. Бірақ түнгі мезгілде инфекциялық бөлімге қызылшаға күдікті балалардың көптеп түсуіне байланысты орын тапшылығы бар. Дәрігерлер таңертең балаларды қарап (обход), жағдайына байланысты үйге жіберіледі. Ал басқа балалар палатаға орналастырылды. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз, науқас санының артуына байланысты жұқпалы аурулар бөлімшесі толығымен 1 шағынауданда орналасқан модульді стационарға көшіруге шешім қабылданды, - деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.