23 шілдеде облыстық аурухананың КДЕ-да эндокринолог және эпилептолог дәрігерлер тұрғындарға тегін кеңес берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық госпитальдің эндокринолог дәрігері Әсем Ибраева 13 пен 75 жас аралығындағы 19 тұрғынға кеңес берді.
- Науқастар әртүрлі, яғни, қант диабеті, көп түйінді зоб, диффузды токсикалық зоб, гинекомастия диагноздарымен келді. Барлық емделушіге аурулары бойынша кеңес берілді, емі түзетіліп, қосымша зертханалық және аспаптық зерттеулер тағайындалды», - деді дәрігер.
Содан кейін «2-типті қант диабетін заманауи диагностикалау және емдеу әдістері» тақырыбында дәріс оқылды. Дәріске облыстық аурухананың басшылығы, өңірдің жалпы тәжірибелік дәрігерлері мен эндокринологтар қатысты.
– Соңғы уақытта тұрғындардан қант диабеті жиі анықталуда. Қант диабетіне әкеп соғатын бірнеше фактор бар. Ең басты фактор - адамдар аз қозғала бастады және тамақтануы өзгерді. Қазір қант диабетінің бастапқы кезеңін диагностикалау әлдеқайда жақсарды. Сондықтан облыс тұрғындарын денсаулыққа мұқият болуға, жүйелі түрде медициналық тексеруден өтуге, қажет болған жағдайда учаскелік терапевттерге хабарласып, олардың ұсынысын қатаң сақтауға шақырамын», - деді Әсем Ибраева.
ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының эпилептолог дәрігері Ғазиз Қырғызбайұлы да «Эпилептикалық жағдайлардың заманауи диагностикалау әдістері», сондай-ақ «Эпилепсиялық ұстамалардың эпилепсиялық емес ұстамалардан дифференциалды диагностикасы» тақырыбында екі дәріс оқыды.
– Дәрісте дәрігерлерді толғандыратын негізгі мәселелер қозғалды, сонымен қатар аурудың тарихы, ұстамаларының себептері мен түрлері айтылды. Оған қоса, ауруды диагностикалау мен заманауи емдеу әдісі туралы да сөз қозғалды», – дейді Ғазиз Қырғызбайұлы.
Эпилептологтың кеңесін алған 11 науқастың үшеуі операцияға дейінгі диагностика және диагнозды нақтылау мақсатында Астанаға шақырылды.
Еске салайық, Маңғыстауда 23 - 26 шілде аралығында «ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері» өтуде. Бұл сапардың басты мақсаты – аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу, денсаулықты жақсарту саласында тәжірибе алмасу және заманауи әдістерді енгізу. Сондай-ақ өңірдегі медициналық мекемелермен ғылыми және клиникалық ынтымақтастықты кеңейту.