ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Маңғыстауға іссапармен келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, іссапар барысында вице-министр облыс тұрғындарымен, оның ішінде мемлекеттік органдар мен аудан, қала әкімдіктері және туристік бизнес өкілдерімен кездесті. Кездесуге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев та қатысты.
Басқосуда өңірдегі туризм саласын дамыту мен спорттық жетістіктер талқыланды.
- 2024 жылғы 13 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризм саласын дамыту бойынша өткен кеңесте берілген хаттамалық тапсырмаларды іске асыру шеңберінде Маңғыстау өңіріне аяқ бастым. Маңғыстау - еліміздегі туристік аймаққа кіреді. Бүгінде облысқа 390 мың турист, яғни 350 мың адам — ішкі турист, 40 мың шетелдік турист келген екен. Көрсеткіш нәтижесінде Маңғыстау 20 өңірдің арасында 3 орынға жайғасып отыр. Қазіргі таңда облыстағы көрсетілген туристік қызметтер - 15 млрд теңгені құрады, - деді Мирас Төлебаев.
Сондай-ақ, вице-министр кездесу барысында Маңғыстау курорттық аймағын дамытудың кешенді жоспарымен таныстырды.
- Өңірдің курорттық аймағын дамыту үшін бірнеше бағыттар қарастырылды. Атап өтер болсақ, туристік ағындарды реттеу және тұрақты туризм қағидаттарын енгізу, курорттық аймақтың инвестициялық жобаларын, оның ішінде проблемалық жобаларды іске асыру. Сондай-ақ, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды арттыру, көліктік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу. Логистиканы және турдестинацияға қолжетімділікті дамыту, туризимді брендтеу бағыттыры бар, - деді вице-министр.
Жиында Маңғыстау облысы спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш өңірдегі спорт саласының дамуына да шолу жасады.
- Облысты барлығы 794 мың адам тұратын болса, оның 323 793-і спортпен шұғылданады. Ал, БЖСМ- де 20 мыңға жуық балалар мен жастар шұғылданады. Бұл көрсеткіш өңір оқушылар санының 13 пайызын құрайды. Бүгінде басқармаға қарасты 31 спорттық мекемеде 813 жаттықтырушы жұмыс жасауда. Өткен жылы Маңғыстаудан 12 - халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 58 -спорт шебері, 2 - ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, 572 - спорт шеберіне үміткер шықты. Өңірде барлығы 104 спорт түрі қамтылған, - деді Мақсат Мұқаш.
Кездесу соңында жиын қатысушылары вице-министрге көкейкесті сұрақтарын қойып, мардымды жауаптарын алып, ұсыныстарын жеткізді.