Ақтау әкімдігінде қаладағы дәріханалардың иелерімен дәрілік заттарды таңбалау және қадағалауды енгізу туралы жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Ақтау қаласы әкімі аппаратының басшысы Асқар Нұржаубай, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсейіт Айладыр, Маңғыстау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің өкілдері мен қаладағы дәріхана иелері қатысты. Жиында кәсіпкерлерге дәрілік заттарды таңбалау және қадағалауды енгізу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Маңғыстау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Кәмшат Нұржанованың айтуынша, департамент тарапынан кәсіпкерлерге таңбалау жүйесінде дәріханалардың жұмысын жеңілдету бойынша бірнеше таңдау бар.
-Жалпы қалада дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 4 көтерме сауда қоймасы және 164 дәріхана бар. Цифрлық таңбалау мен қадағалаудың негізгі мақсаты - дәрі-дәрмектердің қайта айналымы мен контрафактілігінің алдын алу, өндірілетін және елімізге әкелінетін өнімнің сапасын арттыру. Департамент тарапынан кәсіпкерлерге таңбалау жүйесінде дәріханалардың жұмысын жеңілдету бойынша бірнеше таңдау бар. Атап айтқанда, дәріхана иесі өзінің жеке электронды қолдаңбасымен Izmet.kz электронды порталына тіркелу және электрондық құжаттау және таңбалау орталығында (ЦЭДМ) авторизациялану тегін атқарылады. Сондай-ақ, біріңғай оператор әзірлеген смартфонға «NS pharm» мобильді қосымшасын тегін жүктеп, смартфон камерасымен жұмыс істей алады. Дәріханалар(бөлшек сауда нүктелері), таңбалау коды үшін қаражат төлемейді және таңбалау жүйесінде тегін жұмыс істеуіне мүмкіндік бар, - деді Маңғыстау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Кәмшат Нұржанова.
Жиын соңында кәсіпкерлер таңбаланған дәрілік заттар келгенде жүйеге тіркелу жұмыстарын жүргізетіндіктерін жеткізді. Жиын қорытындысы бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді.