Қызылша ауруы барлық өңірде тіркелді. Жоғары деңгейі Шымкент пен Алматы қалаларында, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында байқалады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәлімдеуінше, елде қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Олардың 82%-дан астамы балаларға тиесілі, оның көпшілігі вакцина алмаған.
Биыл елде қыркүйек айынан бастап сырқаттанушылық деңгейі екі есеге өсті. Қараша айында қызылшаның 6 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Ал Маңғыстау облысында қызылшамен 3 029 науқас ауырып жатыр. Бүгінгі таңда 835 науқас ем қабылдауда. Оның 122-сі ауруханада жатыр. 1 жасқа дейінгі екі бала ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне 65 мың доза вакцинаға сұраныс жіберілді. Алғашқы партия облысқа келіп жетті.
Премьер-Министр елімізде аурудың таралуын мүмкіндігінше тезірек тоқтату керектігін атап өтті.
«Қызылша асқынып кетсе, балалардың денсаулығына аса қауіп төндіреді. Сондықтан аурумен тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, қоғам болып күресуіміз қажет. Бала денсаулығы басты назарда болуы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы аурумен вакцина алудан басқа күресу мүмкін емес екенін атап өтті және тиісті жұмысты күшейтуді тапсырды.
«Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер вакцина алудың қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Барлық әкім вакциналау мәселесін жеке бақылауда ұстап, Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмысты үйлестіруі қажет», — деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.