Ақтауда биыл аутистік спектрі бұзылған және ментальдық дамуы тежелген балаларға арналған оңалту орталығы ашылады, деп хабарлайды mangystamedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Облыс халқының 32 мыңға жуығын мүгедектігі бар адам құрайды. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны — 7 313. Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының арнаулы әлеуметтік қызметтерді үйлестіру бөлімінің басшысы Муминат Мусинаның айтуынша бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді.
«Статистика деректеріне сәйкес, ерекше мұқтаждығы бар балалар саны жыл санап артып келеді. Облыс бойынша мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік қорғау мәселесін жолға қою жан-жақты ойластырылған. Алайда қазіргі таңда облыс көлемінде аутизмі бар балаларға арналған мемлекеттік арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтар немесе оңалту орталықтары жоқ. Мұндай орталықтар республика деңгейінде де жоқтың қасы. Осыған байланысты барлық облыс орталықтарында аутизмі бар балаларға арналған жартылай стационарлық жағдайда оңалту орталығын ашу туралы тапсырмалар түсті», - деді Муминат Мусина.
Бұл мақсатта облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 9-шағынауданда орналасқан № 42 ғимаратты өз теңгеріміне алып, ғимаратқа жобалау – іздестіру жұмыстарын жүргізген. Орталықтың жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.