Әзірбайжан елінің Жастар күніне орай "Жастар - ұлттың болашағы" атты мерекелік шара өтті. "Әзірбайжан орталығы" қоғамдық қоры ұйымдастырған жиынға осы елдің Бас консулдығымен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитеті қолдау көрсеткен , деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мерекелік жиынға Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдері, Ақтау қаласында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, Ақтау қаласының мәслихаты, Маңғыстау облысы Қазақстан халықтары Ассамблеясының өкілдері, Ақтау қаласында тұратын әзірбайжан жастары қатысты.
"Әзірбайжан орталығы" қоғамдық қорының директоры Илькин Оруджов орталықтың қызметі туралы және жыл сайын тойлануы дәстүрге айналған жастар күні жайында айтып берді.
Өткен жылдың ақпан айында Қордың бастамасымен Yessenov University қабырғасында университеттің 200-ден астам студенттерінің қатысуымен алғашқы "Әзірбайжан-Қазақстан жастар ынтымақтастығы форумы" өткізілген.
Әзірбайжан Республикасының диаспорамен және осы елдің Бас консулдығымен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитетпен әріптестік шеңберінде Ақтау қаласында әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылған.
Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығының басшысы Эльчин Маммадов бүгінгі күнгі оң және табысты мемлекеттік саясаттың нәтижесінде әзірбайжан жастары бауырлас Қазақстан Республикасында табысты білім алып жатқанын және қазақ жастарын ұлттық, рухани, зияткерлік қабілеттері үшін жақсы көретінін атап өтті.
- Өзара сенім мен құрметтің арқасында Қазақстанға оқуға келген әзірбайжан студенттерінің саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта тек Маңғыстау облысындағы оқу орындарында Әзірбайжанның 100-ден астам азаматы оқиды, - деді Эльчин Маммадов.
Әзірбайжаннан келген құрметті қонақ, диаспорамен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитеттің өкілі Биллура Алекберова өз сөзінде қонақтарды мемлекеттік комитеттің қызметімен таныстырды, осы бағыттағы жүргізіліп жатқан саясат туралы, Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастардың дамуы туралы айтып берді.
Сондай-ақ, Биллура Алекберова диаспора қызметіне белсенді қатысқаны үшін комитет атынан Әзірбайжан орталығының директорына Құрмет грамотасын табыс етті.
Қор және Бас консулдық атынан екі ел арасындағы қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін Әзірбайжан жастарының өкілдері алғыс хаттармен марапатталды.
Жиын қонақтарының алдында Әзірбайжан және Өзбекстанның халық әртісі Гүлянаг Мамедова мен Мұсылман Мағомаева атындағы Әзірбайжан мемлекеттік филармониясының солисі , халық аспаптарында орындаушы Ағшын Тариелоғлы өнер көрсетті.