Ақтауда 98 жастағы Салиха Қаженқызы есімді тыл ардагері тұрады. Ол Ақтау қаласының іргетасы қалай қаланып, көркейгенін өз көзімен көрген куәгер, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Салиха Қаженқызы 1926 жылы, 5 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы, Сармантөбе ауылында дүние есігін ашқан. 1933-1941 жылдары да сол ауылдағы 8 жылдық мектепте білім алған. Өзінің айтуынша, 1941 жылғы ҰОС жылдары елдімекендердегі жұмыстың барлық түрі тоқтатылмасын деген тапсырмамен 14 жастан асқан жастар жаппай еңбекке тартылған.
- Сол жастардың бірі мен 16 жасымда өз ауылымдағы мектепте мұғалім болып еңбек жолымды бастадым. Сол кездегі халықтың тілегі соғысты тоқтату үшін жасы да, қарты да қолдарынан келгенінше еңбек етті. Бәрі де соғыстың тез аяқталуын тіледі. Төрт жылдық соғыста жеңіске жеттік. Кейін тұрмысқа шығуыма байланысты Гурьев облысының мектептерінде еңбек еттім. 1960 жылы Ақтау қаласының қазығы қағылып, 1961-1962 жылдары сегіз жылдық алғашқы мектеп ашылды. Бұл кезде Маңғыстау түбегі Гурьев облысына қараған еді, - дейді ол.
Салиха Қаженқызы қаламыздағы алғашқы ашылған мектептердің бірінде мұғалім болып қызметтік жолын бастаған. 2001 жылы зейнетке шыққан. Ол саналы ғұмырының 57 жылын ағартушылық саласына арнаған. Тыл ардагері тек бала оқытумен шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан.
- Ақтау қала атанғаннан кейін «Ұлы Отан Соғысы, тыл ардагерлер» кеңесі құрылды. Ол кеңеске 1976 жылы Михаил Николаевич Лисицын төрағалық етті. Кейін устав бекітіліп, сол устав бойынша еңбек еттік. 2009 жылға дейін ардагерлер кеңесінің қызметін атқаруды өзімнің адамгершілік парызым деп есептедім. Сүйтіп жүріп біз тәуелсіздік алдық, - дейді ол.
Салиха Қаженқызы болашақ ұрпақ өткеннің кемшілігі қайталамай ілгері өрлей беретініне сенім білдіретінін жеткізді. Ол 1941-1945жылдары тылда жасаған еңбегіне орай «Еңселі еңбегі» үшін медалімен, 1976 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1978жылы ҚССР білім министрінің «Құрмет грамотасымен», 1983жылы Ақтау-Шевченко қаласының құрметті азаматы атағымен, 1984жылы СССР оқу министрінің және 1996жылы ҚР білім министрі «Құрмет грамотасымен» марапатталған.