Ақтау тұрғындары соңғы күндері теңіздің суы көтеріліп келе жатқаны туралы жиі айтуда. Алайда бұл туралы экологтар судың бұрынғы қалпынан өзгермегенін мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Көктем келіп еліміздің батыс өңірлерінде су тасқынынан кейін Каспийге өзендер құя бастады. Оның ішінде 1993 жылдан кейін Жем өзенінің суы теңізге жетті.
Осы орайда ақтаулықтар түрлі бейнежазба жариялап, теңіз суының молайғанын байқағанын әлеуметтік желіде жиі жариялап жүр. Бірақ Маңғыстау облысындағы белгілі ардагер эколог Орынбасар Тоқжанов бұл жағдайдың шындыққан жанаспайтынын алға тартты. Эколог жағалауға судың келуі жел кезінде болатын табиғи құбылыс екенін айтып отыр.
«Каспий теңізінің су деңгейі көтерілді деген сөз жаңсақ пікір. Тартыла бастаған жағаға судың қайта келуі бір күнде болатын жағдай емес. Қазір Жайық өзеніндегі су көтерілгенімен ол ағыс әлі Атыраудан асып, Каспийге жете қойған жоқ. Сондықтан биыл Каспийге жылдағыдан мол су қоры келген жоқ деп сенімді айтуға болады. Күні ертең су келгеннің өзінде ол тамшыдай ғана әсер етеді. Ал жағада су көтеріле бастауы ол желден болатын табиғи құбылыс. Мәселен, жел құрлықтан теңізге қарай соқса, су жағадан алыстай түседі. Ал керісінше соқса құрғап қалған жағалауға су келе бастайды», - деді Орынбасар Тоқжанов.
Ардагер эколог қайбір жылдары Бозащы түбегінде теңізден соққан желдің салдарынан су жағалаудан асып бірнеше шақырымға жайылғанын айтады. Сол уақыттары топан судың салдарынан кейбір елдімекендер зардап шеккен екен.
Сонымен бірге, сирек таситын Жем өзенінің суы көбейіп, ширек ғасырдан астам уақыттан кейін теңізге құя бастаған.
«Соңғы рет Жем өзені 1993 жылы Каспийге құйған болатын. Жалпы, бір ғасыр ішінде бұл су арнасы 1942, 1965 жылдары тасып, Каспийге дейін жеткен. Өзеннің ұзақ жылдар бойы су деңгейінің төмен болуы жоғары жағында қардың жұқа түсіп, жауын-шашының өте аз мөлшерде түсуінен болады", - деді эколог.
Өткен ғасырдың 30-шы жылы теңіздің жалпы аумағы 442 мың шаршы километрді құраған. Кейінгі уақытта 371 мың шаршы километрге дейін кішірейіп, тоқсан жыл ішінде он жеті пайызға дейін кемігенін зерттеушілер дәлелдеп отыр. Ал 2008-2023 жылдары Каспийдің Қазақстан аумағындағы бөлігі тағы 8121,5 шаршы километрге азайған.