Редакцияға хабарласқан тұрғындардың айтуынша, ауада бірнеше күннен бері күйік иісі сезіледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы экология департаментінің берген жауабына сүйенсек, мұның екі себебі болуы мүмкін.
«Жыл сайын осы кезеңде Астрахань облысында қамыс өртенетіні үйреншікті жайтқа айналды. Иіс көрші Атырау мен Маңғыстау облысында байқалады. Екінші болжамымыз – жақында ғана Баянды ауылындағы қоқыс полиогоны 3 рет өртенді. Күйік иісі Ақтау қаласы бойынша әр ауданда әр түрлі деңгейде байқалады. Алдағы уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп, полигон тиесілі мекемеге айыппұл салынады. Қазір жағымсыз иістің шамадан тыс артуы бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп жатыр. Нәтижесі қосымша хабарланады», - деді департамент өкілдері.
Департамент мамандары "Маңғыстау Жылу" мекемесіне қарасты қоқыс полигонына жедел шолу жұмыстарын жүргізген.
Аталған полигонның санитарлық қорғау аймағының атмосфералық ауасына өлшем жұмыстары жүргізіліп, ауада күйенің (сажа), азот оксиді, көміртегі оксидінің шамадан тыс артуы тіркелген. Тиісті зертханалық хаттамалар толтырылып жатыр.