Бейнеу ауданында ақын Анар Шамшадинованың «Сен келерсің» шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеш басында Анар Шамшадинованың өмір жолы таныстырылып, тебіреніске толы «Ана» өлеңі оқылды. Ақынның сөзіне жазылған «Күнім», «Аққу арман», «Сен келерсің» әндері шырқалды.
Бейнеу ауданының Құрметті азаматы, ақын Сәрсен Қадыр мен кеш қонақтары Меруерт Сұлтанбаева, Арайлым Шамшадинова ақынның нәзік те сыршыл өлеңдерін оқып, тыңдарманға ерекше әсер сыйлады.
Кеш барысында Анар Амангелдіқызының «Сен келерсің бір күні» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа кітаптың тұсауын ақынның ағасы және аудан әкімінің орынбасары Таңат Талғатұлы кесті.
Аудан әкімінің орынбасары Таңат Нұрмағанбетов Анар Шамшадинованы шығармашылық кешімен құттықтап, ықыласын білдірді. Сондай-ақ аудан әкімінің құттықтау адресатын табыстады.
«Әйгілі Сам құмында дүниеге келіп, жырларыңызға Сам топырағының киелілігі енгені сыршыл өлеңдеріңізден байқалады. Жырларыңызды оқи отырып, ұлтқа деген сүйіспеншілікті, табиғатпен үндескен лириканы, махаббатты, толқынысты сезінеміз. Ақындық арыныңыз, қаламгерлік қарымыңыз сарқылмай, халқыңызды сырлы жырларыңызбен қуанта беріңіз!», – делінген құттықтауда.
Сондай-ақ Бейнеу аудандық мәслихатының төрағасы Ардақ Бораш та Анар Шамшадинованы арнайы құттықтады.