Маңғыстауда Иранның «Ш» және «Б» азаматтарына қатысты адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы, қасақана, заңсыз ҚР мемлекеттік шекарасы арқылы контрабанда жолымен аса ірі мөлшерде есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемдену, тасымалдау және сақтау әрекеттерімен айыпталып сотқа берілген іс қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-тің 286-бабының 4-бөлігімен, 297-бабының 3-бөлігінің 1,3 тармақтарымен қаралды.
«Сотталушылар 2024 жылдың қаңтар айында жеке баю мақсатында, Ислам Иран Республикасы аумағында аса iрi мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы заңсыз тасымалдап, өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау қылмыстық әрекеттерімен айналасу туралы шешім қабылдаған.
Сотталушыларға қатысты жеке басын тінту барысында 1482,49 грамм құрайтын 295 дана орама «опий» есірткі заты анықталып, алынған», деп жазылған соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сотталушылардың кінәсі басты сот талқылауында берген куәлердің, сотталушылардың жауаптарымен, заттай дәлелдермен, сараптама қорытындыларымен және басқа іс бойынша жинақталған дәлелдермен толық дәлелденді.
Сот үкімімен «Ш» және «Б» ҚК-нің 286-бабының 4-бөлігімен, 297-бабының 3-бөлігінің 1,3 тармақтарымен кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабының талаптарына сай, тағайындалған жазаларды iшiнара қосу арқылы 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.