Ақтауда мектеп оқушылары арасында «Ер жігіт - ел қорғаны» атты әскери-спорттық сайысы өткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сайыстың ашылу салтанатына Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Әскери дайындық пәндері мен әскери сайыстардың жастарды спортқа, қырағылыққа танытудағы рөлін атап өтті.
Іс-шараға құқық қорғау және әскери саланың ардагерлері қатысып, жылы лебіздерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті.
Сайыс саптық байқау, саптық ән орындау, оқ жинау, АК-74 автоматын бөлшектеу, арқан тартыс, медициналық көмек көрсету сынды кезеңдерден тұрды. Сайысқа қала мектептерінен барлығы 15 команда қатысты. Команда құрамы тек ер балалардан ғана емес, қыздардан да құралған. Қатысушы қыз балалар әскери салаға аса қызығушылық танытатындарын жеткізді.
-Жалындаған жастығын, ерік-жігерін Отан қорғауға арнаған ел ағаларының өшпес ерлігі ұрпаққа үлгі. Бүгінгі іс-шара сияқты басқосулар кезінде жастарды Отанды сүюге, патриоттық тәрбиені бала бойына қазірден бастап дарытуға тырысу қажет. Сол үшін де 27544 әскери бөлімінің сарбаздары келіп, шеберлік өнерлерін ортаға салды. Әскери дайындық пәнінің мазмұнын түсіну арқылы жас өрендер әскери өмірдің алғашқы кірпішін қалай алады. Іс-шараға әскери дайындық пәнінің оқытушылары да ат салысты. Осы жарысты ұйымдастырудағы мақсат - ойын әрекеті негізінде оқушылардың бастамашылдығын және дербестігін дамыту, өңірде өскелең ұрпақты патриоттылыққа тәрбиелеу бойынша жұмыстарды жетілдіру, шығармашылығы, олардың қабілеттерін іске асыру үшін жағдай жасау, - дейді іс-шараны ұйымдастырушы «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова.
Іс-шара соңында жүлделі орын алған топтар марапатталды.