Мұнайлы ауданы Атамекен ауылында жаңбыр суы жерасты суымен араласып мыңнан аса үй суға толады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындар жаңбыр жауған күндері үйде тұру түгілі көшеде аяқ алып жүру мүмкін емес екенін айтады. Олар шенеуніктердің бірнеше жылдан бері мәселені шеше алмай келе жатқанына ашулы.
Тұрғындардың сөзінше жаңбыр суы жерге сіңе алмай, жерасты суы көтеріліп, кәріз бен құдық лас суға толады. Осылайша лас су көшеге жайылып, су орталық құбырдан келіп тұрған ауыз суға араласып кетеді.
- Үйімізден су шығып жатыр, еденнің асты, ауламыз суға толды. Әжетханаға да бара алмай отырмыз. Өйткені жерасты суы көтеріліп, әжетхананы толтырып тастады. Өзіміз су соратын көліктерді жалдасақ та, бұл судың бітер түрі жоқ. Сол себепті көмек сұраймыз. Біздің жан айқайымызды естісе екен дейміз. Бізге көмек керек, кәріз құбыры мен дренажды жүйе керек, - дейді Атамекен ауылының тұрғыны Тақтагүл Өтемұратова.
Жерасты суы мен жаңбыр суы араласып тұрғын үйлерді де қиратып біткен. Үй ішіндегі қатты ылғал исі қолқаны қабады. Тұрғындар соның кесірінен ауру табамыз ба деп қорқып отыр. Ал кейбір тұрғындар шаңырағын тастап, пәтер жалдап кеткен.
Ауыл халқы осыдан сегіз жыл бұрын шенділер «мәселені түбегейлі шешеміз» деп, құрғақ уәдеге тойдырғанын айтып отыр. Ал аудан әкімдігі 2016 жылы құны 1 миллиард теңгеден асатын жоба жасалғанын растады. Алайда жоба қолдау таппай, облыстық бюджеттен қаражат бөлінбеген. Әкім орынбасары Нұрхан Мұстафаев енді биыл мәселе шешіледі деп ағынан жарылып отыр.
Сондай-ақ ол қазіргі уақытта жерасты суын соратын бір емес, сегіз дренаждық жүйе бар екеніне сендіріп отыр. Алайда ол жаңбыр жауғанда суды жинап үлгермейді деп ақталды.
- Кәріз және дренаждық жүйенің жобалық-сметалық құжаттарына өткен жылы қаражат бөлінді. Қазіргі таңда жоба толықтай аяқталды. Мемлекеттік сараптамаға тапсырдық. Биыл шілде айына дейін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алсақ, біз құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім береміз, - дейді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Мұстафаев.
Әкімдіктегілер бұл жоба іске асса жерасты суын алып, көгалдандыруға пайдаланамыз деп отыр.
Махаббат Нұржанқызы