Бүгін аудан әкімі Сымбат Төретаев ауданға жаңадан сатып алынған арнайы техникалардың кілтін табыстау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Кәсіпорын, мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңарту және экономикалық дамуы бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. «Тұрмыс-Сервис» МКК-ның әлеуеті де артып келеді. Инватакси қызметі қайта жанданғанына өте қуаныштымын. Бұрынғы көлік жарамсыз, тұрғындар үшін қолайсыз еді. Ауданға келіп жатқан жаңа техникалар құтты болсын! Елдің игілігі үшін қызмет ете бергей, - деді аудан әкімі Сымбат Төретаев.
Қарақия аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөліміне мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдау үшін 2 дана инватакси арнайы көлігін сатып алу бойынша конкурс жарияланып, «Toyota hiace» автокөлігі тапсырылды. Ал екінші көліктің мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүріп жатыр.
Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдауға көлік құжаттары толықтай рәсімделгеннен кейін беріледі.
Сонымен қатар, «Тұрмыс-Сервис» МКК-ге үш арнайы техника сатып алу үшін бюджеттік өтінім беріліп, конкурс жұмыстары ұйымдастырылады. Алғашқы техниканың бірі манипулятор жеткізілді. Бұл техниканың үш қызметті қоса атқаруға мүмкіндігі бар. Қосымша екі техника сатып алынады.
“Бұл аудан әкімі Сымбат Төретаевтың тұрғындар үшін жайлы және «Тұрмыс - Сервис» МКК-ның қызметкерлері үшін тиімді еңбек жағдайларын жасап, техника паркін жаңартуға бағытталған бастама”, деп хабарлады Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.