Ақтауда 3-9 мамыр аралығында джиу-джитсудан Абу-Даби қаласында өткен Азия чемпионатында жүлделі орын алған Маңғыстау ауданының 8 спортшысын марапаттау кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Басқосуда өңір намысын халықаралық аренада қорғаған спортшыларға ақшалай сыйақы табысталып, ақ дастархан жайылды.
- Бүгінгі жиын ата-аналардың және Маңғыстау ауданындағы кәсіпкерлердің қолдауымен өткізіліп отыр. Кештің мақсаты - спортшыларымызға қолдау көрсету болса, екіншіден алдағы уақытта Грекия мемлекетінде өтетін әлем чемпионатына жігерлендіру, - деді Маңғыстау ауданы джиу-джитсу спорт бөлімінің аға-жаттықтырушысы Азамат Қайлыбаев.
Еске салайық, Азия чемпионаты ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында өтіп, 35 мемлекеттен 1500-ға жуық спортшы қатысқан еді. Олардың арасында өңір намысын қорғап мерейін өсірген Есболат Рамазан да бар. Ол 52 келі салмақ дәрежесінде 4 белдесу өткізіп, Азия чемпионы атанды.
- Осындай кешті ұйымдастырып, бізді қолдап жатқан барша ағаларыма, кәсіпкерлерге, ата-аналарға алғыс айтамын. Бұл біз үшін үлкен мотивация. Енді, алдағы уақытта Әлем чемпионы атағын алуға талпынысым бар, - деді Есболат Рамазан.
Жиынға спортшылардың ата-аналары да келді. Баламыз жарысқа аттанған сайын тақымымызды қысып, бірге уайымдап отырамыз дейді олар.
- Менің егіз қызым да осы спорт түрімен 1-сыныптан бері айналысады. Қазір 7-сыныпта оқиды. Өзім кезінде спортпен шұғылданғандықтан, қыздарым жарысқа кеткен сайын тікелей эфирден бақылап, кемшін тұстары болса ескертіп отырамын. Ал, балаларды жігерлендіретін осындай отырыстарды ұйымдастырып жатқан барша азаматтарға алғыс білдіргім келеді. Азия чемпионатына кетерде азаматтар спортшыларға жаңа киім де алып берді. Біз тек қуаныштымыз, - деді Азия чемпионатының күміс жүлдегері Тілектес Саматқызының анасы Марал Шанытбаева.