Ақтауда «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері арасында спорттық және жауынгерлік самбодан турнир басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жарыс 22 тамызға дейін өтеді. Турнирге Ақтау, Жаңаөзен, Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларында орналасқан әскери бөлімшелерден 70-ке жуық әскери қызметші қатысады.
«Турнирде 10 салмақ дәрежесіндегі спортшылар өнер көрсетеді. Жиын 2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбе қаласында болған теракт кезінде қаза тапқан жауынгер жолдастарымызды еске алуға арналған. Жарысқа қатысушылардың арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, республикалық және халықаралық турнирлердің жүлдегерлері де бар. Іріктеу турының қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінен екі жүлдегер Ақтөбеде өтетін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогына арналған республикалық турнирге қатысады», - деді «Батыс» дене шынықтыру және спорт бастығы Бақтияр Қалдыбеков.