Турнир 23-25 тамыз аралығында 17 шағынауданда орналасқан «Халық Арена» спорт кешенінде өтеді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында МО көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы директоры Гүлзира Ақжігітова айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстауда көркем гимнастикадан VIII «SHAGALA» халықаралық турнирі 2017 жылдан бастап өткізіліп келеді. «SHAGALA» халықаралық турнирі республикалық күнтізбеге енгізілген. Жарысқа қатысуға бүгінге дейін Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар қалаларынан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресейден командалар өтінім берген.
- Облыс аумағынан Жаңаөзен, Ақтау қалалары мен Мұнайлы, Бейнеу аудандарынан спортшылар қатысады. Жалпы спортшы шамамен 350-400 . Жарыс Халықаралық гимнастика федерациясы бекіткен ережеге сай өтеді, бекітілген ереже бойынша спортшылар жас ерекшеліктеріне, дайындық деңгейлеріне қарай 3 топқа А,И,С топтарына бөлінген. Жас ерекшеліктері 2019 жылдан бастап 2010 жылға дейін өз жастарымен сайысса, 2009-дан бастап спорт шеберлері бағдарламасы бойынша жарысады, яғни 2009, 2008, 2007 жылы туғандар бір топта жарысады. Жарысқа спорт төрешісінен бастап, 1-санатты, ұлттық және халықаралық дәрежедегі төрешілер келеді. Қазір біз төрешілер корпусын нығайту, тек төрешілер емес жаттықтырушылар құрамын кеңейтуді жоспарлаудамыз. Өз спортшыларымыз арасынан болашақ бапкерлерді дайындап жатырмыз. Бұйырса бір гимнастшы қызымыз 4-курсқа өтсе, тағы бірі 2 курсқа, ал екеуі биыл колледждің спорт факультетіне құжат тапсырып отыр. Облыста көркем гимнастика мамандарының жетіспеушілігі алдағы уақытта шешіледі деп сенеміз, - деді Гүлзира Ақжігітова.
VIII «SHAGALA» халықаралық турнирінде аталған федерация дамуына, спортшылардың жоғары нәтиже көрсетуіне септесіп жүрген азаматтар мен кәсіби мамандарға, бір топ ата-аналарға сый-құрмет көрсетіледі.
Федерация президенті Аида Садатқызының басшылығымен алғаш рет төсбелгілер дайындалып, спонсорлар демеушілік танытады.