Ақтау әкімдігінде қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық бойынша штаб отырысы өтті. Жиында магистральдық инженерлік желілерді жаңарту және тұрғын үйлерге автоматтандырылған жылу басқару торабын орнату мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға «Алматыинжстрой» АҚ, «МАЭК» ЖШС, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, «АЭЖБ» МКК, «Ақтау тұрғын үй» МКК, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы және қалалық қоғамдық кеңесі және жауапты бөлім басшылары қатысты. «Алматыинжстрой» АҚ механикаландырылған жұмыстар филиалының директоры Сәкен Бердібаев магистральдық инженерлік желілерді жаңарту бойынша жасалып жатқан жұмыстарды баяндады. Спикер ауқымды жұмыстың жартысы аяқталғанын жеткізді.
- Қазіргі таңда жұмыстың 50%-ы аяқталды. Жаңа құбырды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Диаметрі 820 мм болатын жаңа құбырлар толығымен келді. Диаметрі 720 мм жаңа құбырдың 7 шақырымы базамызда тұр. Қалған диамтері 530 мм болатын жаңа құбырдың 6,2 шақырымы қалаға жеткізілді. Тағы да жаңа құбырлар күтілуде. Партия-партиямен қабылдап жатырмыз. Керекті материалдардың барлығы қалаға 10-15 қыркүйек күні келеді. Ал технологиялық жұмыстар 30 қыркүйекте аяқталады, - деді «Алматыинжстрой» АҚ механикаландырылған жұмыстар филиалының директоры Сәкен Бердібаев.
Қала әкімі жауапты мердігер компанияға жылыту маусымына дейін жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
- Жылыту маусымына дайындықты күшейту қажет. Қала тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл мәселеге барлығымыз жауаптымыз. Жұмыстарды пысықтап, тиісті шараларды алыңыздар. Жаңа оқу жылы жақындап келеді. Әлеуметтік нысандардың ыстық сумен және жылумен қамту мәселесі де өзекті. Сондықтан бригадалардың жұмысын бақылауға алып күшейтіңіздер. Жаңа құбырлардың қажетті детальдарымен қоса қалаға мерзімінен кешіктірілмей жеткізіліуін қамтамасыз етіңіздер, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Сонымен қатар жиында тұрғын үйлерге автоматтандырылған жылу басқару торабын орнату мәселесі талқыланды. Қазіргі таңда қаладағы тұрғын үйлерге 80 дана автоматтандырылған жылу басқару торабы орнатылды. Бұл жұмыстар жалғасуда. Қала әкімі жауапты мердігер компания өкіліне жұмыстарды жеделдетіп, жылыту маусымына дейін аяқтауды тапсырды.